Шымкентте жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күніне орай “Естелік жарығы” акциясы өтті. Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні аясында Шымкент қаласында Жол қауіпсіздігі апталығы жалғасуда. Осыған орай полиция қызметкерлері “Естелік жарығы” атты акция өткізді.
Шара барысында департаменттің алдына жиналған қызметкерлер шамдар жағып, “Өмір” сөзін құрды. Аталған шара жолда қаза тапқандарды еске алып, азаматтарды сақтыққа шақырудың символдық мәніне ие.
Полиция қызметкерлері бір минут үнсіздік жариялап, жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алды.
Шараның басты мақсаты – жол қауіпсіздігі мәселесіне қоғам назарын аудару, адам өмірінің ең жоғары құндылық екенін жеткізу және әрбір жүргізушіні жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақыру.







