«Оңтүстік туризм. Инвест- 2017» инвестициялық форумы өтуде

519

Оңтүстікке келетін туристерге қолайлы жағдай жасалуда. Арнайы маршрут әзірленіп, 84 тарихи-мәдени объекті мен табиғи орындар енгізілген. Сондай-ақ, Ұлы Жібек жолының ескерткіштері аталымы бойынша 8 ескерткіш, яғни, Сауран, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар, Бөржар ескерткіштері оңтүстік өңірінде орналасқан. Бұл туралы Шымкентте бастауын алған «Оңтүстік туризм. Инвест- 2017» туристік инвестициялық форумы барысында айтылды. Іс-шара «Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат» халықаралық фестивалінің аясында ұйымдастырылған. Форумда саладағы әлеуетті жобалар таныстырылып, оны жүзеге асыру жолдары талқыланды.

"Оңтүстік туризм. Инвест- 2017" инвестициялық форумы өтуде

Туризм саласын дамытуға арналған халықаралық форумның Оңтүстік Қазақстанда өтуі кездейсоқ емес. Өйткені, үкіметпен бекітілген тұжырымдамаға сәйкес Оңтүстік өңірі «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту кластеріне» енгізілген. Осы бағытта қабылданған жобаларды жүзеге асыру мақсатында облыс басшысы қытайлық делегациямен кездесіп, екі ел арасындағы іскерлік, ынтымақтастық қарым қатынасты одан әрі дамыту мәселесін ортаға салды. Және меймандарды Оңтүстіктің мүмкіндіктерімен таныстырып өтті.

"Оңтүстік туризм. Инвест- 2017" инвестициялық форумы өтуде

Жансейіт Түймебаев, ОҚО әкімі: «Қытай мемлекетімен қарым-қатынасымыз дамып келеді.Оңтүстік өңірінде біріккен өндіріс орны бар. Мұнай өңдеу зауытында жаңарту жұмысы аяқталса, Евро-4, Евро-5 бензині шығарылады. Түркістанда қытайлық кәсіпкерлермен бірге түйенің шұбатын құрғақ күйінде өңдеу кәсіпорнының құрылысы жүргізлуде.»

Қытай жағы да туризм саласын дамытуға мүдделі. «Оңтүстік туризм. Инвест-2017 » туристік инвестициялық форумында екі жақтың мүмкіндіктері таныстырылып , инвестиция тарту мәселесі баяндалды. Қатысушылар отандық және халықаралық сарапшыларымен саланы дамыту жолын талқылады. Атап өту керек, қытайлықтар жақсы дайындықпен келген. Ұсыныстары нақты болды.

Ду Цзян, Қытайдың туризм бойынша вице-министрі: «Қытай тарапы турзим саласын дамытуға әрқашан дайын. Біздің және сіздерден саяхат жасайтын азаматтарға жағдай жасау мақсатында екі жақтағы әуежай, қонақ үйлерде ақпараттық мәліметтер қазақ-қытай тілінде жазылып, аудармашылармен қамтылса деген ұсынысымыз бар. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы іскерлік байланысты нығайтып, шағын және орта бизнесті дамытатынына сенім мол.»

"Оңтүстік туризм. Инвест- 2017" инвестициялық форумы өтуде

Форумға шақырту алған шығысқазақстандықтар туристік жәрмеңкені аралап, ұлттық нақышта бұйым жасаған шеберлермен танысты. Отандық өнімге сұраныстың артып отырғанын айтты.

Ирина Щеглова: «Форум ұйымдастырушыларына үлкен рахмет. Керемет ұйымдастырылған шара. Оңтүстік өңірінде тарихи орындар өте көп. Және де аудандарда салт дәстүрді дәріптейтін этно-ауылдар да жеткілікті екен. Оңтүстікқазақстандық әріптестерімізбен бірге байланысып, алдағы уақытта туристерді жіберетін боламыз. Түркістанға сұраныс жоғары. Екі күн ішінде қытайлықтармен де қарым-қатынас түземіз деген ойымыз бар. Біздің Шығыс Қазақстан облысында экологиялық және емдік- сауықтыру туризмі жақсы дамыған. Өлкеміздің табиғатын көруге баршаңызды шақырамыз.»

Оңтүстік өңірінде мыңнан астам тарихи-археологиялық орын мен мәдени-сәулет ескерткіштері, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралары тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Айта кетейік, биылғы жарты жылда облысымызға 128 мың турист келген. Бұл көрсеткішті арттыру үшін инфроқұрылым, сервистік қызмет көрсету деңгейін жақсарту керек.