Күнгейде жыл санап «достық шаңырағы» шаттыққа кенеліп, этнос өкілдерінің өнер-мәдениеті, әл-ауқаты жақсарып келеді. Сәуір айында ғана қолданысқа берілген жаңа ғимаратты қоспағанда, жуырда соңғы 10 жылда орындалмаған тағы бір игі жоба жүзеге асыпты. Өңіріміздегі Қазақстан халқы ассамблеясы ғимаратын алдынан «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі бой көтерді.
Сәулеті мен сәні келіскен қаламыздағы ең бір тағлымды нысандар — «Қазақ еліне мың алғыс!» момументі мен Қазақстан халқы асссамблеясының жаңа ғимараты. Көпшілік алыстан-ақ мен мұндалап көзге ұратын қос нысанды «достық шаңырағы» деп таниды. Себебі күн сайын мәдени ошақта мерейлі мерекелер мен мазмұнды жиындар өтіп, тарихи тұлғалар мен зиялы қауым өкілдерімен жүздесу-сырласу сағаттары қолға алынған. Желтоқсанның соңғы күндерінде де 800 орынды үлкен зал жамағатқа толы. Бұл жол төрден түрік ұлтының өкілі, «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері, қоғам қайраткері Асылы Османның өзі табылды. Кеш қонағы күнгейліктермен өткен кездесуде «қоғамдық келісімнің» жаңа ғимараты және мекеменің қазіргі жұмыс барысын айналып өтпеді.
Оңтүстікте осыдан 9 ай бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен мемлекет меншігіне өткен ғимарат қайта құрылымдаудан өтіп, Қазақстан халқы ассамблеясының игілігіне беріліп еді. Мәрмәр тастан қашалған «Қазақ еліне мың алғыс» монументі де ашылды. Бұл — осы 20 орталық мүшелерінің бастамасымен бой көтерген құрмет белгісі. Салтанатты шара, қуанышты тарихи сәттің куәгерлері қатарынан ардақты ардагерлер мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, белсенді жастар да табылды.
Сол сәттен бері күнгейде бір атаның баласындай, татулығын ту еткен 20 этно-мәдени орталағы осында жайғасты. Әрқайсысына жеке кабинет қарастырылған. Бұл жұмыс бөлмелерде қажетті компьютерден бөлек сол ұттың таным-тынысы, тұрмысы, салт-дәстүрі мен мәдениеті баяндалатын бұйым-дүниелерді көруге болады. Тіл білімін жетілдіруге арналған, жуырда жарық көрген жаңа оқулықтар да бар. Алдағы атқаратын мәдени іс-шаралар мен ауқымды жиындар да осында жоспарланып, талқыланады.
Түрік этно-мәдени орталығының өкілдері кезекті басқосуда Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани» жаңғыру мақаласын талдауға кіріскен. Ой-орамы жөнінде айтып, қолдап-қуаттауды құп көрген топ мұны мектептерде дәріптеуге көшкен. Орталық төрағасы Латипша Асановтың айтуынша, жаңа ғимаратқа жайғасқалы, орталықтың белсенділігі жоғарылап қана қойған жоқ, дәстүр-жоралғысы жаңғырып, ана тілінен сауаттары артқан.
Этнос өкілдерінің әрқайсысы «достық шаңырағын» шайқалтпау үшін мекемеде медиация бөлімі де жұмыс жасайды. Тараптарды татулыққа шақыратын бөлім мәміле бойынша заң-сауаттылық кітаптарын да жасақтап қойыпты, Меңгерушісі Хасан Бациев жыл ішінде атқарған жемісті жұмысты жіпке тізді.
Қуантарлығы — қазір облысымыздағы Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері барлық іс-шараларға жұмыла атсалысады. Қайырымдылықтан да қалыс қалмайды. Ал қоғамдық келісім мекемесінің басшылығы «достық шаңырағы» үшін жуырда тағы бір игі жобаны жүзеге асырыпты.
Айта өтетін ақпарат, Елбасының жарлығымен облысымыздағы 20 этно-мәден орталық осыдан 22 жыл бұрын қызметін бастаған. Ал бүгінде бір ғана Оңтүстік өңірінде 108 өзге ұлт өкілдері өмір сүреді.
Мөрдір Бекеева