Леңгірдегі ауызсу мәселесі билік партиясының назарында

278
Леңгірдегі ауызсу мәселесі билік партиясының назарында

Лай су ішкен леңгірліктердің жанайқайы Ақордаға жетті. Бұл жолы бас партияның хатшысы арнайы келіп, ауылдықтардың жағдайымен танысты. «Сақалды» құрылысқа айналдырғандардан жауап алып, жіберген кемшілікті түзетуге уақыт берді. Келер жылдың наурыз айында таза тіршілік нәріне қол жеткізбесе, партия билеттерін қайтарып алмақ.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидулла Әбдірахымовтың Төлеби ауданында жиын өткізуіне себеп болған бір мәселе – Леңгір қаласы тұрғындарын ауыз сумен қамтудағы күрделіліктер. 2010 -2015 жылдары аралығында атқарылған жұмыстарға республикалық бюджеттен бөлінгеніне қарамастан ауылдықтар әлі күнге күнге дейін ауызсуға жарымай отыр. Лай су ішкен олардың жанайқайы Үкімет, Парламент, тіпті «Нұр Отан» партиясына жеткен.

Ақордадан ат арылтып келген қонақтың алдында Төле би ауданының әкімі баяндама жасады. Оның мәліметінше, Леңгір қаласының су жүйесі әбден ескерген. Ауызсу құбырлары өткен ғасырдың 55-60 жылдары тартылған. Осыдан жеті жыл бұрын жаңа су жүйесін «Шымкентгазмонтаж» АҚ бастаған еді. Жобалаушы мекеме – «Купол» ЖШС. Алайда қалалықтар жекенің қолындағы Көктерек су көзінен тіршілік нәрін тұтынуға мәжбүр.

Леңгірдегі ауызсу мәселесі билік партиясының назарында

Өзекті мәселелердің бірі – осындағы қондырғылар 106 текше метр суды ғана тазартып, қалған 74- текше метрі тазартылмай тікелей жіберілуде. Жауын-шашында сорғылаар мен су тазарту қондырғыларының жұмысы мүлдем тоқтап қалады.

Лай суға тұтынушылар ақы төлеуден бас тартты. Соның салдарынан «Ленгір» су мекемесі шығындарын жаба алмауда. Қыруар қаржы жұмсалған су жүйесінің неліктен қосылмай тұрғаны жайлы жиынға арнайы шақыртылған мердігер компанияның басшысы айтып берді.

Леңгір қаласының су жүйесін тартудағы былық бойынша сот жүріп жатыр. Нысанның құрылысына бөлінген қомақты қаржының 344 млн теңгесі қолды болғанын аудан прокуроры мәлімдеді.

«Болған іс болды» деп қазан жабылмайды, су жүйесін жүргізуде қателік жібергендер міндетті түрде өз жазасын алады. Тығырықтан шығу жолы – анықталған кемшіліктер бойынша жұмыс жасап, тез арада леңгірліктерді сапалы таза сумен қамту.

Жаңғыруға бет бұрған «Нұр Отан» партиясының өкілдері сала мамандарының және мердігер мекеменің уәдесін алды. Сөйтіп жаңа жүйеден суды Леңгір қаласының халқы келер жылдың наурызда ішетін болады. Егер бұл кезекті құр уәде болса, одна жауаптылар партия билетінен айрылып, жазаға тартылады.