«Оңтүстік» индустриалды аймағы республикада алғашқы болып өз құнын ақтады

509

Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағының құрылысына мемлекеттік бюджеттен 6,8 млрд теңге жұмсалған. Бүгінгі таңда аймақтағы кәсіпорындардың бюджеттік аударымдары 7,2 млрд теңгеге жетіп отыр. Нәтижесінде «Оңтүстік» индустриалды аймағы республикада өзін-өзі ақтаған ең алғашқы индустриалды аймақ болып отыр.

Сондай-ақ, биылғы 9 айда облыстағы жалпы индустриалды аймақ кәсіпорындары 13,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. «Оңтүстік» индустриалды аймақтарды басқарушы компания басшысы Нүркен Бегулиев осы деп мәлімдейді.

«Оңтүстік» индустриалды аймағы республикада алғашқы болып өз құнын ақтады

2017 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар жайын баяндаған компания басшысы бүгінде аймаққа облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келетінін атап өтті.

Спикер қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы тартылған инвестиция бойынша республикада көш бастап келетінін жеткізді. Мәселен 2017 жылы 20 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жобамен келісім-шартқа қол қойылған. Қазіргі таңда облыс көлеміндегі индустриалды аймақтарда 169 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

– Жалпы құны 155,2 млрд теңге көлеміндегі жобалар бойынша 9 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ.  Ал бүгінгі таңда құны 34,8 млрд теңгені құрайтын 68 жоба іске қосылған. Бұл кәсіпорындарда 4 мың адам жұмыс істеуде. Жылдың соңына дейін сомасы 7,7 млрд теңге болатын 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осылайша жыл соңына дейін барлық индустриалды аймақтарда жүзеге асқан жобалардың саны 80-ге жетеді, – деді Нүркен Рахымұлы.

2018 жылы жалпы сомасы 38,6 млрд теңгені құрайтын 11 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде келесі жылдың соңына қарай 6500-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады.  Бұдан бөлек «Оңтүстік» индустриалды аймақтарының басқарушы компаниясы 2018-2020 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарын әзірлеп жатыр. Онда  облыстағы аудан мен қалаларда индустриалды аймақтарды толтыру мәселесі қаралған.

ОҚО әкімнің баспасөз қызметі