Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев энергетиктер күні мерекесі орай «KEGOK» АҚ «Оңтүстік жүйеаралық электр тораптары» филиалында орналасқан өңірлік диспетчерлік орталықтың жұмысымен танысты.
Аталған кәсіпорынның құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. «Кегок» АҚ ел өмірінде шешуші рөлге ие құрылымдардың бірі. Компания өзі құрылған 20 жылдың ішінде еліміздегі электр торабын тұтастай дерлік жаңартты. Жоғары кернеулі осынау желілер Қазақстанның бірыңғай электр жүйесіне қызмет етіп, миллиондаған тұрғындарға, әлеуметтік нысандар мен зауыттарға электр қуатын жеткізіп отыр. Осы желілердің ішінде стратегиялық маңызға ие жобалардың бірі – «Солтүстік-Оңтүстік» электр желісі. Ұжым қызметкерлерімен кездескен өңір басшысы сала мамандарын мерекемен құттықтап, өңірлік диспетчерлік орталықтың жұмысына сәтілік тіледі.
Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасымыз бекіткен «Жасыл экономикаға көшу» концепциясы нәтижелі орындалуда. Аталған концепцияға сай биыл Сайрам, Қазығұрт аудандарында екі шағын су электр станциясы ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, Шымкент қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ биогаз қондырғысы кешені іске қосылды. Бұдан бөлек Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында екі ірі күн электр станцияларының құрылысы басталды.
2018 жылы Төлеби ауданында қуаты 2,5 мегаватт шағын су электр станциясы пайдалануға беріледі. Одан бөлек Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 мегаватт шағын су электр станциясы мен Отырар ауданында қуаты 35 мегаватт күн электр станциясын салу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2017-2021 жылдарға арналған облыстың елдімекендерін сапалы электр энергиямен қамтудың кешенді іс-шара жоспары әзірленген болатын. Осы жоспарға сәйкес 2021 жылға дейін өңіріміздегі 361 мың 990 тұрғыны бар 198 елдімекенді сапалы электр энергиясымен қамту көзделген. Сонымен қатар 14 ірі қосалқы станция салу қолға алынған болатын. Осы бағыттарға 2017 жылы республикалық, облыстық бюджеттерден 15,1 млрд теңге бөлініп, 59 нысанның (101 елдімекенде) құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасымен Сарыағаш ауданындағы 15 жобаға ұлттық қордан 2 320,3 млн теңге бөлінген. Биыл 47 нысанның құрылысы аяқталса, 12 нысанның құрылысы 2018 жылы аяқталады деп күтілуде. Аталған жобалар толық жүзеге асқанда 85 елдімекендегі 87 мыңнан астам тұрғын сапалы электр энергиямен қамтылатын болады.
2018 жылы жобасы дайындалған, жалпы құны 8,5 млрд теңгені құрайтын 110 киловольттық «Алатау» және «Ақжар» қосалқы станцияның құрылысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыру жоспарлануда.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі