Шымкенттің бюджеті бекітілді

343
Шымкенттің бюджеті бекітілді

Облыс орталығының 2018 жылға арналған бюджет нақтыланды. Алдағы жылы жұмсалатын қаражат қомақты – 114 млрд 850 млн теңге болып қабылданды. Айта кету керек, бұл бюджетке әлі жыл көлемінде толықтырулар мен өзгерістер енгізілетін болады. Ендеше, қазына қаржысы қай салаға бағытталады?

Бюджетті бекіту барысында қалалық мәслихаттың депутаттары бірнеше ұсынысын жария етті. Қаладағы әлеуметтік тұрмысы төмен отбасының балаларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесін қызу талқылады. Білім бөлімінде әлеуметтік тұрмысы төмен, жетім және жартылай жетім отбасының 30 мың оқушысы тіркелген, жыл сайын 11 мың оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі екен. Ал биыл сол мұқтаждардың қатарын тағы 6 мың оқушыны толықтырған. Бірақ оған бюджеттен қаражат табылмады, осы мәселе депутаттардың наразылығын туғызды.

Осылайша халық қалаулыларының табандылығымен кейінгі қосылған 6 мың оқушы да ыстық тамақ ішетін болды. Оған қажет қаржыны әкімдік қарастырып беруге уәделерін берді. Халық қалаулыларының ұсынысымен Таскен елдімекеніндегі жаңа мектептің құрылысына қаражат бөлінеді. Алғаш бұл нысанды ұмыт қалдырған қала әкімінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі қателіктерін мойындап, қаражат бөлуге келісті.

Құрылыс жұмыстары 2015 жылы басталған Бозарық қосалқы станциясын уақытша концервациялау үшін 20 млн тенге керек екен. Еске салар болсақ, осы станцияны салу үшін «Шымкент химмонтаж» ЖШС 5,5 млрд теңге алып, құрылысты аяқсыз қалдырған. Үш рет сот болды, екі арадағы келіспеушілікке нүктені Жоғарғы сот қойып, «Шымкент химмонтаж» ЖШС мен ТҮКШ бөлімінің арасындағы келісім бұзылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы қайта өткізіледі. Осы аралықта ондағы қондырғы мен ғимаратты күтіп ұстау үшін сол 20 млн теңге керек екен.

2017 жылдың соңғы сессиясы және алдағы жылдың қаражатын бекіту болғандықтан, депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстар өте көп болды. Жиынға қатысқан қала әкімі келесі жылы атқарылатын жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Сессияның соңында қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқан 6 азамат Шымкент қаласы әкімінің грамотасымен марапатталды.

Нұрлан Күдерұлы