Ұстаздардың айлығы көбейеді

4243

1 қаңтардан бастап мектеп мұғалімдерінің лауазымды жалақысы 30%-ға өсетіні белгілі болды. Алайда үстемеақы барлық мұғалімге бірдей қосылмайды. Осы ретте ұстаздар арасында «Кімдердің айлығы қашан өседі, неше теңге қосылады?» деген сауал туындады. Сонымен мұғалімнің еңбекақысы қандай негіздерге сүйеніп есептеледі? Ұстаздар қауымының көкейіндегі сауалдың жауабын білдік.

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында «Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырамын» деп жазылған.


Өзгерістің жаңартылған мазмұнға көшкен ұстаздарға ғана қатысты екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Яғни, еңбекақының өсуі халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламаларын меңгерген ұстаздарға ғана қатысты болып отыр.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің таратқан мәліметіне сәйкес, айлық жалақының көбеюі ұстаздың категориясына тікелей байланысты болады екен.
– Категория ұлттық біліктілік тесті арқылы беріледі. Расталған біліктілік деңгейіне байланысты жалақы 20 пайыз-дан 50 пайызға дейін өседі, – дейді аталған министрліктің вице-министрі Бибігүл Асылова.
Жаңа жүйеге сәйкес мұғалімдерге қосымша ақы төлеу жүйесі енгізіледі. Мектеп мұғалімдеріне еңбекақыдан бөлек қосымша ақы төленеді. Ол кестеге сай жүргізіледі. Вице-министрдің сөзінше, қосымша ақы төлеу жүйесінде ұстаздардың біліктілік деңгейі ескеріледі.

Мәселен, модератор-мұғалім болса, онда жалақысына 20%, сарапшы-мұғалімге 30%, зерттеуші-мұғалімге 40%, шебер-мұғалім екені дәлелденсе 50% мөлшерінде жалақысына үстемеақы қосылады.
Айта кетер жайт, аттестациядан өтпей қалған мұғалімнің бастапқы категориялары сақталады. Заңға сәйкес мұғалімнің біліктілік деңгейі 5 жыл бойына күшінде болады.
Кез келген мұғалім 18 сағат сабақ беруі керек. Егер 24 сағат сабақ берсе, нақты жалақы мөлшері арта түседі. Мысалы, 3 жыл еңбек өтілі бар немесе мүлдем категориясы жоқ мұғалімнің бір сағатының құнын есептесек…
Әрбір сабағы үшін 3 146 теңге алып отыр. Оған дәптер толтыру мен сынып жетекшілікті қосыңыз. Тест тапсырып, біліктілігін дәлелдесе, жалақысы тағы өседі.
1-4 сынып мұғалімдеріне базалық жалақыға 20%, 5-11 сынып мұғалімдеріне 25% қосылады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушыларына, қазақ, орыс тілдері, басқа ұлттық тілдер мен әдебиет бойынша (математика, химия, физика, биология, шет тілі, стенография, сызу, құрастыру, техникалық механика бойынша) базалық лауазымды жалақысы 20%-ға өседі. Бұл дегеніңіз – 3 539 теңгеден 4 424 теңге аралығы.
Қалалық жерде жұмысқа орналасқан жас мұғалім бұған дейін 56 630 теңге алатын. Енді айлығына 22 475 теңге қосылып, 79 105 теңге алады. Егер біліктілік тестінен өткен жағдайда ай сайын қалтасына 96 095 теңге түседі.

АЙТПАҚШЫ…
Ауыл мұғалімдерінің жалақысы қала ұстаздарына қарағанда 25 пайызға көбірек болады екен.


Толық оқу жүктемесі енгізілгеннен кейін жоғары нәтижеге қол жеткізе аламыз. Қала мұғаліміне қарағанда ауылдың ұстаздары жоғары жалақы алады. Мәселен, 15 жылдық еңбек өтілі бар, I санаттағы қала мұғалімінің алып жүрген жалақысына 24 050 теңге қосылады. Бұл дәптер толтырып, сынып жетекшісі болып, оқыту кабинеттерін меңгергені үшін алатын ақы. Дәл осындай еңбек өтілі бар бірінші санаттағы ауыл мұғалімінің жалақысына 25 860 теңге қосылады,– дейді вице-министр.
Оларға басқа жеңілдіктер қарастырылмаған. Мұғалімнің жалақысын төмендегідей кестеге сай есептейді:


Бұл үшін кестедегі еңбек өтілі деген бағанадан, әркім өз еңбек өтілін (тек педагогикалық) тауып алуы керек. Сол ұяшықтың төменінде көрсетілген коэффицентке БЛЖ (базалық лауазымдық жалақы) мөлшері көбейтіледі.
БЛЖ – 17 697 теңге.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ