Оңтүстік Қазақстан облысында 1 наурыз – Алғыс айту күне орай басталған онкүндік бүгін «Көршіге ізет» күні ретінде мерекеленді. Осыған орай облыс аумағында көршілер арасындағы қарым-қатынасты бекемдеу, көршіге құрмет көрсету және ауыл азаматтарын жақындату, мақсатында түрлі іс-шаралар өтуде.
Осы күні Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекенінің тұрғындары Түлкібас ауданы Мыңбай, Жамбыл ауылдарының ақсақалдары мен белді азаматтарын дастархан басына шақырып, кездесу өткізеді. Мерекелік жиында тұрғындар бір-біріне құрмет көрсетіп, жергілікті этнос өкілдері қазақ еліне деген ақеділ алғысын білдіреді.
Игі шараға облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатысып, елдің бірлігі, этносаралық татулықты сақтаудың маңызына кеңінен тоқталады.
— Қоғамдық келісімге негізделген мемлекеттік этносаясаттың ерекше үлгісін қалыптастырған елімізде бірлік, татулық, тұрақтылық, тыныштық негізгі құндылықтар қатарында.
Бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, оның қадірін жете ұғынсақ, ауыл-аймақтағы «тентектерімізді» уақтылы тізгіндеп, олардың санасын улы түсініктерден тазартсақ, біз барлық асулардан асамыз. Ал, ішкі татулықтың қадірін білу, оны тереңінен түйсіну, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған ауқымды жауапкершілік екенін ұғынуға міндеттіміз,- деді Ұласбек Сәдібекұлы.
23 ақпан – Көршіге ізет күні аясында осы мазмұндас басқосулар этнос өкілдері жинақы тұратын Мақтарал, Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт, Түлкібас, Сайрам аудандары мен Шымкент, Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында өткізіледі. Мәселен, Қазығұрт ауданы Жаңабазар елді мекенінде орналасқан қымызханада көршілес ауыл ақсақалдары (қазақ, өзбек ақсақалдары), Мақтарал ауданы Сейфуллин елді мекеніндегі қазақ, тәжік ақсақалдары игі мақсатта бас қосты.
Сондай ақ, ассамблеяның барлық деңгейдегі диалог алаңдарында көршілер арасындағы байланыс және көршіні құрметтеу жайы «Көршіге ізет» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» мәжілістерінде талқыланады. Мешіттерде «Көрші хақысы» туралы уағыз айтылды.
Этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанаттарының мүшелері көршілер арасындағы сыйластық, өзара түсіністікті тұрғындар арасында кеңінен насихаттау мақсатында ақпараттық парақшалар таратты.
Айта кетейік, өңірімізде жаңа сипатта әрі жаңа мазмұнда бастау алған мерекелік шаралар 1 наурызға дейін жалғасады.
Ертең, 24 ақпан – Тазалық күні ретінде аталып өтілсе, 25 ақпан – Құрмет күні, 26 ақпан – Өлкетану күні, 27 ақпан – Келісім күні, 28 ақпан – Ықылас күні, 1 наурыз – АЛҒЫС АЙТУ күні ретінде мерекеленеді.