Оңтүстік Қазақстан облысында өңір басшысының тапсырмасына орай облысаралық және халықаралық бағыттағы қоғамдық көліктерге бақылау жұмыстары күшейтілді.
Осыған орай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйытқы болуымен Шымкент көлік прокуратурасының, ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция басқамасы және облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшыларының қатысуымен арнайы жиын өтті. Нәтижесінде заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою мақсатында бірлескен іс-шаралар жоспары бекітіліп, 2 мобильдік топ құрылды.
Облыс бойынша рейдтік шаралар ағымдағы жылдың 19 қаңтарынан бастап жүргізіліп келеді. Аталған мерзімнен бастап 1 ақпанға дейін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес 1091 хаттама түзілген. Оның ішінде тікелей жолаушылар көлігіне қатысты 157 хаттама толтырылып, 2 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.
Айта кетерлігі, хаттамалардың 67 пайызы – жолаушы тасымаладушы қоғамдық көліктердің міндетті техникалық тексеруден өтпендегіне байланысты болса, 24 пайызы — сақтандыру полисінің болмауына қатысты толтырылған. Сондай-ақ, хаттамалардың 4 пайызы – тұрақты емес тасымалдаумен айналысуға құқық беретін лицензияның жоқтығына қатысты болса, 2,5 пайызы – қызмет көрсететін мекеме мен тапсырыс беруші арасындағы түзілетін шарттың көшірмесінің болмағандығын көрсетіп отыр.
Жүргізілген рейдтік шаралар нәтижесінде қоғамдық көліктерді міндетті техникалық тексеруден жалған өткізген техникалық байқау мекемелеріне шара көру мәселесіне ұсыныс енгізілді. Бұл тексеру жұмыстары алдағы уақытта құзырлы органдардың қатысуымен тұрақты жүргізілетін болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі