“Тұран» шағынауданының балалары ауылда оқып жүр…

652

Шымкенттегі «Тұран» шағынауданы тұрғындарының қалаға қатынауы қиын. Мұнда жол жоқ болғандықтан, қоғамдық көлік те жүрмейді. Ал жылдар бойы баспана кезегін күтіп, оны несиеге алған ағайын қатынас оңалмай, тіршіліктері тұралап қалғанын айтады. Есесіне, балалары жаңа үйдің рахатын сезінбей отыр деп ашынады.

«Тұран» шаһардан шалғай жатқан шағынаудандардың бірі. Мұнда «Бәйтерек»деволопмент» арқылы 16 үй қолданысқа берілген. Сол бес қабатты үйлерге 300 отбасы қоныстанған. Қуаныштарын қалаға қатынастың қиындығы басыпты. Жолы жоқ шағынаудан тұрғындары балаларын ауылда оқытуға мәжбүр.

Мұндағы тұрғындар «баларымызды, немерелерімізді ауылға оқытып жатырмыз. Мектеп, бала бақша жоқ. Осындай үй соғып, оны халықа үлестіргенде не ойлады басшылар?” деп ашынады.

 

Жол жоқ болғандықтан ба, мұнда қоғамдық көлік қызмет етпейді. Жеке көлігі жоқтар “бұл жаққа такси 2 мың тенгесіз келмейді” дейді. Бәйдібек би көшесіне жету үшін бірнеше шақырым жаяу жүруге тура келеді екен. “Ал төтесінен Қайтпас шағын ауданы арқылы жаяу қатынауға болады, бірақ батпаққа батасыз” деп ашынды тұрғындар.

Тұрғанкүл Байбөбекова, тұрғын: «Қайтпас» шағынауданына түсу үшін балшыққа белшеден батамыз. Полиэтилен қап байлаушы едік, ол да бүгінде қармаққа жармақ болмай тұр».

Тұрандағы тұрғындардың тағдырын жергілікті билік жақсы білетін болып шықты. Сөздеріне сенсек, биыл осы шағынауданның үш көшесіне асфальт төселеді. Қазір жолдың құны мен оны іске асыратын мердігер анықталған. Күн жылына жұмыс басталады дейді.

Нұрлан Бектұрсынов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы: “Шағынаудандағы әр көшенің құны 850 млн теңге тұрады. Мемлекеттік сатып алу конкурсы бітті енді жұмысты бастаймыз”.

Қалалықтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары әлі де жалғасады. Мемлекеттік бағдарлама арқылы бірнеше көпқабатты үйлердің құрылыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ, жол мәселесі қарастырылған ба, жоқ па онысы белгісіз. Жылдар бойы күтіп, жылдар бойы ақысы төленетін баспаналар сапалы әрі инфрақұрылымы дер кезінде шешілсе деген тілек бар.

Нұрлан Күдерұлы