«Жалақыдан жалақыға…»

1897

Осылай жарнамасын жүргізетіндердің айы оңынан туып тұр. Тез арада ақша керек болғанда көбіміз микронесие беретін орталықтардың көмегіне жүгінеміз. Ақшадан тарыққанда олардың барлық шарттарына келісіп, қолымызды қоя саламыз.

Бірақ, батпан құйрықтың да өз сұрауы бар. Ендеше, жалақыға дейін ақша іздеп жүрген кейіпкер кейпіне еніп, жылдам ақша алудың оңы мен
солын білуге тырыстық.

«Жалақыға дейін деп…» ақша беретін мекемелер аз емес. Шымкентте он шақтысы жұмыс істейді екен. Жарнамасы да әрқилы. Бір ғана құжат талап етіп, «5 минут ішінде 200 мың теңгеге дейін кепілсіз несие береміз» дейтін орталықтардың арасында «несие тарихына да, зейнетақы аударымдарына да қарамаймыз» деп «жарылқайтындары» да, «бірінші несиеден 50% жеңілдік бар» деп еліктіретіндері де бар. Сонымен осындай шағын несие орталықтарының біріне бас сұқтық. Халықтың қарасы көп мұнда. Кезекте жасы да, кәрісі де тұр. Дәрігер де, мұғалім де осында. Біз де кезекке тұра қалдық. 15-20 минутта кезегіміз жылжып, менеджер қыздың алдына жайғастық. Қанша теңге алатынымызды сұрады.

«Қанша бере аласыз» деген сұрағымызға 10 мыңнан 200 мың теңгеге дейін алуыма болатынын айтты. Бірақ, несиенің 14 күнге ғана берілетінін қосып, әр соманың әрқалай өсім пайызы барын да ескертті.

Мәселен, 40 000 теңгені 14 күнде 58 000 теңге, ал 100 000 теңгені 128 000 теңге қылып қайтарасыз. Қарыз сомасын уақытынан бұрын бөліп қайтаруға да болады екен. Мұндайда өсім тек қалған соммаға ғана жүреді-міс. Алған несиені дер уақытында қайтармасаңыз, әрбір күнге өсім төлейсіз.

Шарттарымен танысып, 100 мың теңге алатын болдым. Менеджер жеке куәлігімді сұрап, екі ұялы телефон нөмірін жазып беруімді өтінді. «Ә » дегенше қолымызға ақша тиді. Байқағанымыз – мұндағылар шын мәнінде жұмысың бар, не жоғыңа қарамайды екен. Кепілдік те сұрамайды. Ақшаны оңды-солды береді. Бірақ, бір білгеніміз – өсім пайызы өте жоғары.

Қарызды терминалдан да алуға болатынын білдік. Ол үшін тек жеке куәлік қажет. Мұны қарызды осындай жолмен алып жүргендерден сұрап білдік. Айтуларынша, оның да пайызы өте жоғары. Бірақ, басқа банктегі қарыздарын жабу үшін амалсыздан алуға мәжбүр.

Сондай терминалдың бірінің алдындағы қарт кісі немересінің туған күніне сыйлық сатып алуға ақшасы жетпей тұрғаны, 3-4 күнде зейнетақысы түссе, құтылатынын айтты. Терминалда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласып көрдік. Бірден «Басқаның жеке куәлігін пайдаланып, несие алатындар көбеймей ме?» деп сұрадық.

«Жоқ, бір тұлға екінші жанның куәлігі арқылы несие ала алмайды. Терминалда несие алу терезесі бар. Оған ұялы телефон нөмірін енгізу керек. Телефонға 4 саннан тұратын SMS-хабарлама келеді. Сол кодты енгізгеннен кейін, терминал сізді суретке түсіреді. Содан кейін жеке куәлікті сканерлейсіз. Ақпараттар базаға келіп түседі. Фотоның куәліктегі суретпен сәйкестігі және несие тарихыңыз тексеріледі. Содан кейін ғана барып қаржының берілетінін не берілмейтіні туралы ақпар аласыз», – деп жауап қатты телефондағы дауыс.

«Несие тарихын қалай біле аласыздар?» деп сұрағанымызда: «Барлық банктің базасы бір!» деген жауап алдық. «Қанша теңгеге дейін несие береді?» деген сұрағымызға
«2 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін ақша алуға болады. Қарыз 5 күннен 21 күнге дейін беріледі. Күніне 2,5-3,5 %. Терминалдың терезесінде қанша теңге, неше күнге және қандай пайызбен берілгені көрінеді. Оны терминал есептеп шығарады»,- дейді оператор.

Сөзі дәйекті болса да, көңіліміздегі күмән сейілген жоқ. «Терминал өзі шешеді» деген сөзі күмәнімізді еселей түсті. Айтпақшы, жалақыға дейін ақшаны, интернет арқылы да рәсімдеуге болады екен. Қарап көрсек, 65 000 теңгені 20 күнде 71 500 теңге қылып қайтару керек. Тиынын есептеп, жалақыдан жалақыға жете алмай жүрген жұрт үшін бұл да аз сома емес. Жалақыға дейінгі қарыз ақшаны тек айлықтан айлыққа сүйретіліп жететіндер алады. Шеке майы ағып тұрғандар алып қайтсін?!

Әдемі сөзбен ұрандататын шағын несие орталықтарының қалтаны қағып жатқанын аңғару қиынға соқпайды. Жылдам әрі оңай жолмен ақша тапқысы келгендер несиенің құрығына ілініп қалғанын байқамайды. Бірінші несиесін жабу үшін екіншісін рәсімдейтіндер қордаланған қарыздың сорына батып бара жатқанын өте кеш түсінеді.

Ермек Шамшаев, қала тұрғыны: «Жалақыға дейін ақшасы құрсын! Басында қызым 10 000 теңге алды. 2 аптада 12 мың теңге қылып қайтарды. Өмір ғой. Түрлі оқыс оқиға болуы мүмкін. Шұғыл ақша керек болып, 100 000 теңге алыпты. 14 күнде 128 мың қылып қайтаруы керек еді. Бірақ, жалақысы түспей қалды. Сосын ауырып қалды. Арада 1 ай өтіп кетті. Қайта-қайта қоңырау шалып мазаны алды. «Ауруханада» дегенді түсінбейді. Барсам, «өсімімен бірге 240 мың теңге төле» дейді. Не деген масқара? Жұртты қанау ғой, бұл».

Бауыржан Әбішов, қала тұрғыны: «Тез арада 10 000 теңге керек болды. Жалақыға дейін 2-3 күн бар. Айдың соңы болған соң әріптестерден де, достардан да ақша шықпады. Банкке барсам «зейнетақы аударымыңыз жоқ» деп несие бермей қойды. Сосын шағын несие орталығына бардым. Көп күтпедім, 5-10 минутта қолыма ақшаны санап берді. 2 күнде жалақым түсті. Қателеспесем, 10 400 теңге қылып қайтардым. Былай қараса жаман емес. Әрине, төлей алмай қалсаң, қиын».

Айдархан Құсайынов, қаржыгер, Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі:
– Қазақстандықтарды онлайн-қарыз алмауға шақырамын. Әйтпесе, үлкен пайыздарға, ойға сыймайтын өсімдерге, түрлі комиссиялық алымдарға дайын болыңыз. Себебі, бұл қаржы нарығы бақыланбайды. Онлайн-қарыз берушілердің ісі тұманды. Не тұрғылықты мекенжайы, не тікелей байланыс нөмірлері жоқ. Ақша электронды түрде беріледі. Қарыз алушылар, шынайы ақпаратты, байланыс нөмірлерін қалдырады. Бұл жерде келісімшарт бір жақты жасалады. Яғни қарыз беруші сізге ешқандай кепілдік бермейді. Ал қарыз алушы өзі туралы мәліметті өзі білмейтін, көзі көрмеген тұлғаларға жібереді. Олардың бұл мәліметті қандай мақсатта пайдаланатыны белгісіз.

Венера Шертаева, заңгер:
– Қысқа мерзімді онлайн-несиені ұсынатын орталықтар, банк немесе шағын несие орталығы болып табылмайды. Олар заңды тұлға ретінде қарызды төлеу, қайтару қызметтерін көрсетеді (АК 715,718 баптары). Олардың келісімшарты бойынша, онлайн-қарыз күніне 2 пайызбен беріледі. Бұл жылына 720 пайыз деген сөз! Онлайн-қарыз банктік операцияларға жатпайды. Себебі, заңды тұлғалар (Банктер туралы және банк қызметі заңының 30 бабы) банк болып табылмайды. Десек те, қаржы реттеушісі Ұлттық банктің белгілеген нормасына сай несиенің қайтарым пайызы 56-дан аспауы керек. Бірақ бұл ереже екінші деңгейлі банктерге және шағын несие беру орталықтарына ғана қатысты (Ұлттық банктің 24.12.2012 жылғы №377 қаулысы). Ал онлайн-қарыз беретін заңды тұлғалар Ұлттық банктің қаулысына қарсы әрекет етуде. Менің ойымша осыған қатысты құқықтық-нормативтік актіге өзгеріс енгізу керек.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ