Дәстүрге деген құрмет, патриоттық сезім мен отанға деген махаббат, міне осы қасиеттер қазақ халқының мақтанышы болып табылады.
Бүгінгі жас буынның куннен күнге өз тарихымыз бен салт дәстүрімізге деген кызығушылығы арта түсуі қуантады. Еңлік пен Кебектің мәңгілік махаббаты, Бибігүл Төлегенованың бұлбұл дауысы немесе Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Дударай» әні ұрпақ жадында жатталып қалары сөзсіз. Көптеген әндер мен күйлердің ғасырлар тасасында ұмытылып кеткеніне қарамастан, елімізде ғасырда бір дүниеге келетін ұлы тұлғаларды ұлықтау қолға алынғаны сүйсінтеді.
Қазақ даласының дауысы
Келешек жас ұрпақ Ұлы қазақ әншілерін ұмытпас үшін, «Қазақфильм» киностудиясымен «DAR Play» компаниясы ҚР Мәдениет және спорт министрілігінің тапсырысы бойынша, қайталанбас дарын иесі Әміре Қашаубаев жайлы кинолента түсірді. Батыс әлеміне бірінші рет қазақ орындаушылық өнерін танытқан, драмалық тенордың қиын тағдырына, деректердің аз болуына қарамастан, кино авторлары үлкен жұмыс атқарды. Фильмді түсіру барысында тарихшы және зерттеуші Жарқын Шәкәрімовтің көмегіне жүгінді.
DAR компаниясының негізін қалаушы, әрі фильмнің бас продюсері Әлидар Өтемұратов, ұмытылған дарынды дауыс иесін қайта жаңғырту туралы өз тілегін білдірді: «Әміре Еуропа қошемет көрсетіп, қол шапалақтаған қазақтан шыққан алғашқы әнші бола тұра, өз елінде ұмыт қалған. Сондықтан да мен үшін осындай ерекше дарын иесі туралы көпшіліктің білгені маңызды. Бұл Қазақстан кинематографиясын жаңа сатыға көтеруге бағытталған бірегей картина болмақ. Отандық көрермендер жоғары деңгейде бағалайды деген үміттемін».
Қазақ теноры ұлы әнші болғаны сөзсіз, бірақ Еуропаның өзі мойындаған ұлы дала таланты туралы біз не білеміз? Өз уақытында Әміренің таланты туралы, халық шығармаларын орындауындағы ән әуезділігі Мәскеуге дейін жетті, көп ұзамай Парижге шақырту алып, француз аудиториясын қазақ әндерімен таң қалдырды. Әміре Қашаубаев қазақтың вокалдық орындау өнері мен қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны, әлемде бірінші болып еуропалықтарға танытты.
Әміре өмірден озған соң, Париждегі ЭКСПО-да шырқалған оның дауысы жоғалды деп есептелгенімен, 1974 жылы зерттеуші Жарқын Шәкәрімов Мәскеу архивтерінен Әміре Қашаубаевтын жазбаларын тапқаннан кейін жалғыз пластинка жарыққа шықты.
«Фильм түсіруге кірісер алдында мен АҚШ мамандарымен бірнеше рет кездесіп, халқымыздың мақтанышы, ерекше дарын иесі Әміре Қашаубаевтың өмірімен таныстырдым. Қазақстан мен АҚШ-тың кинопродакшндағы ынтымақтастығы осыдан басталды. Ұлы Әміре Қашаубаев қазақ өнерін және домбырасын әлемге бірінші болып паш етті. Ол ешкімге ұқсамайтын нағыз дарын иесі еді. Мен баршаңызды Әміре Қашаубаевтың өмірімен танысу үшін уақыт тауып, үлкен экраннан тамашалауға шақырамын. Бүгіннен бастап «Әміре» фильмі еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастады. Фильм сіздерге ұнайды деп сенемін», — деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Қарапайым қазақ ауылында өскен әнші көрермен алдына тіршіксіз таза жанымен қайталанбас дауыс иесі ретінде шығады. Әміре рөлін сомдаушы Санжар Мәди қазақ тенорының Парижде өнер көрсеткен кезіндегі барлық сезімдерін асқан шеберлікпен орындап шыққан.
«Менің білуімше, көрерменнің тау мен тасты аударарлықтай күшті және кез-келген мәселенің шешімін таба алатын кейіпкерді көргісі келеді, бірақ ол Әміре жайлы емес. Әміре – суперкейіпкер немесе көшбасшы да емес. Ол туған жерінің ағашынан үзіліп түскен, жел айдаған жапырақ сияқты. Сырт әлемнің айналуына қарамастан, жүрек қалауымен жүреді», — деді Мәди.
Фильм көрермендері Әміренің түп нұсқа дауысын ести алады. Фильм кинозалдарда қазақ тілінде жүріп жатыр.