1 миллион теңге! Қомақты қаржы күнгейдің үздік театрына табысталады! Бұл жөнінде «Театр көктемі — 2018» облыстық фестивалінің ашылу салтанатында мәлім болды. Мәдени сайысқа жергілікті 8 бірдей кәсіби ұжым қатысып, саланың даму-деңгейін сарапқа салмақ. Биыл 11-ші рет қолға алынған өнер бәсекесіне сахна саңлағы режиссер Халел Шаженовтың -110, ҚР Халық әртісі — Райымбек Сейтметовтың — 80 жылдығы арқау болған.Мерекелік гүл-шоқтар, марапаттарды мақтана жеткізу, көрерменнің құрмет-ықыласы. Мұндай қуанышты әсерді қызыл кілеммен жүріп өткен өнер иелері сезінді.
Облыстық әзіл-сықақ және сатира театры
Осылай дәстүрлі сән-салтанатымен басталған «Театр көктемі — 2018» облыстық фестиваліне жергілікті тек кәсіби ұжымдар — 8 театр жолдама алған. Арасында биыл қызметін бастағанына 49 жыл толған Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры да бар.
Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры
Арман Өтебеков, Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының әртісі: «Қызыл кілеммен жүріп өткенде, өзімді бір ерекше сезінгенімді жасырмаймын. Бойымды мақтаныш, қуаныш сезімдері кернеді. Театрға деген сүйіспеншілігім еселей түсті. Менің ойымша, осы сайыста біздің ұжым жеңіске жетеді. Себебі «Адасқандар» атты қойылымда қазіргі қоғам мен ондағы адамдардың адасуы, кері ағымның жетегіне еріп, Сирияға кетуі көрініс тапқан. Еңбек заман мен қоғам шындығын анық жеткізуімен ерекшеленеді.
Облыстық өзбек драма театры
Сайыстың шымылдығын күнгейдің бас театры — Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры түрді. «Қара шаңырақ» Ұлы жазушы М.Әуезовтың бірегей шығармасы — «Қарагөзді» көпшілікке ұсынды. Қойылымда ұлттық салттың саф салтанаты мен екпін-ережесі Қарагөз бен Сырымның сенім-сезімін сергелдеңге түсіргені — тоғысқан тағдыр сахналанды.Театр басшылығының айтуынша, бұл қойылым фестивальде ұжымның қоржынына жеңіс сыйлауы әбден мүмкін. Себебі трагедияны ұсынуда қоюшы-режиссердің өзі Астанадан арнайы шақырылған-ды. Яғни, спектакльді сахналау үшін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаевтың өзі келіп, ай бойы еңбек еткені есімізде. Сондай-ақ, декорацияның өзіне — 2,5 миллион теңге қаржы жұмалған.
Қазылар алқасы
Көрермендер залында ине шаншар бос орын болған жоқ. Әртістердің кәсіби шеберлігін көрермен тарапы мен әріптестерді қоспағанда, белгілі театр сыншысы Бақыт Нұрпейіс бастаған 5 адамнан құралған қазылар алқасы да таразылап отыр. Ал ұйымдастырушы тарап — облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшылығының айтуынша, биылғы байқау мен оның шартына өзгеріс енгізілген. Дәлірегі, жеңіл-желпі емес, тек тарихи тағлымы мол тақырыптарды сахналау ережесі құнтталыпты.
«Театр көктемі-2018» өнер фестивалі 20-сәуір күні мәресіне жетеді. Және жеңімпаз ұжымға 1 миллион теңге тапсырылмақ.