Көп күткен 18 кітап күнгейге де жетті

1043

Көп күткен, ел сұратқан 18 кітап күнгейге де жетті. Таяуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша әлемдік білім қазынасының қатарына енген 18 кітап аударылған болатын. Енді міне сол кітаптар облыс орталығына жеткізіліп, көпшілікке таныстырылды. Оңтүстіктің бас университетінде өткен таныстырымға жиналғандар көп болды.

Түпнұсқадан қазақ тіліне тікелей аударылған жаңа оқулықтарды таныстыру видероликтен басталды. Түсінгеніміз, 18 кітаптың төртеуі – философия, үшеуі – психология, екеуі – социология, тағы екеуі – лингвистика ғылымдарына арналған. Қалған жетеуі экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, антропология, инновация және медиа салаларын қамтиды.

«Бұл жаңа оқулықтардың бәрі де білімнің нағыз энциклопедиясы». Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушылары осылай дейді. Олар осы кітаптарды білім беру үрдісіне тиімді түрде енгізу жолдарын талқылады. Сонымен қатар, оқулықтардың сапалы аударылғандарын алға тартып, студенттер үшін таптырмас мүмкіндік болғанын баса айтты. Ал студенттер кітаптармен танысып та үлгерген. Олар шет ел жауһарларын ана тілімізде оқығанына өте қуанышты.

Әлжан Дінислам, 1-курс студенті:  «Бұрын шетелдік оқулықтар орыс тілі арқылы қазақ тіліне аударылып келген ғой. Ал бұл жолы тікелей қазақ тіліне аударылды. Үздік оқулықтарды ана тілінде оқу бұл бір өте үлкен жеңіс деп білемін. Біз алғашында кітаптармен интернет арқылы таныстық. Қазір қолымызға ұстап көріп, оқитып мүмкіндікке ие болдық. Сол үшін қуаныштымын». 

Жиын соңында жаңа кітаптар электронды түрде онлайн нұсқамен қатар, видео форматында да қолжетімді болатындығы айтылды. Аталған университет ғимаратында алдағы он күнде арнайы көрме ұйымдастырылады. Сонда осы 18 оқулықтың бәрі де қойылып, көпшіліктің назарына ұсынылмақ.