Бүгін Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалында 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Алаштың арманы – азаттық таңы» атты іс-шарасы өтті. Айтулы шара «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Кейін жиынға қатысушылар «Қасірет» кешені жанына жиналып, бір минуттық үнсіздік жариялады. Өскелең ұрпаққа тарихта толы күннің маңызын ұғындыру мақсатында Алаш қайраткерлеріне арналған «Тұлғалар тағылымына тағзым» атты театрландырылған қойылым сахналанды.
Қазақ халқының тарихында мәңгі із қалдырған «Тар жол, тайғақ кешкен» жылдары құрбан болған боздақтарымызды еске алуға арналған шарада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, жүрекжарды сөзін арнады.
«Республикамызда 4 миллионға жуық халқымыз ашаршылықтан көз жұмса, 113 мың адам қуғын-сүргiнге ұшырап, 25 мың зиялы азаматымыз жазықсыз атылды. Осы қасіретті жылдары Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша 2500 адам “халық жауы” ретінде құрбан болды. Ал ұрпақтары “халық жауының баласы” атанып, өмiрдiң қиындықтары мен азаптарын бастарынан кештi. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған қаралы кезеңді ел ұмытпақ емес. Елбасымыз 1997 жылғы 5 сәуірде «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Міне бүгiн қиын-қыстау жылдардағы шейіт болған арыстарымызды еске алып, тағзым ететiн күн», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
«Алаштың арманы – азаттық таңы» атты шарада саяси қуғын-сүргін құрбаны, Алаш ардақтысы Қошке Кемеңгерұлының шөбересі Кемеңгер Қайырбек Ризабекұлы сөз сөйледі. Сол бір зұлматты жылдарды жадына оралтып, естеліктер айтты.
Сонымен қатар, бұл күні Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожанов атындағы және облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің арнайы көрмесі ұйымдастырылды.
Шара соңында Шымкент қалалық Саз колледжі құрамындағы хор ұжымының орындауында Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» әні орындалып, бейбітшіліктің, Тәуелсіздіктің символы ретінде студент жастар аспанға ақ көгершіндерді ұшырды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі