Облыстық мәслихаттың депутаты ҰОС ардагерінің жерін тартып алған

532
mgov.kz

ОҚО-да ҰОС ардагеріне тиесілі жерді облыс мәслихатының депутаты тартып алған. 94 жастағы қария бұл мәселесін айтып, талай есікті тоздырған. Мүгедектер арбасына анасын отырғызып алған перзенті Жеңіс күнгі мерекелік іс-шарада ардагерлермен би билеп жүрген облыс әкіміне тікелей барып, жер дауын жеткізді.

Сегіз жылдан бері аяқтан қалған ардагерге мүгедектер арбасының өзін емханадан сұрап әкеліпті. Жайсыз арбада әбден сілесі қатқан кейуана облыс әкімі жанына келгенде тіпті сөйлеуге шамасы келген жоқ. Қан қысымы көтеріліп кеткен ҰОС ардагеріне жедел жәрдем дәрігерлері шұғыл көмек көрсетті.

«Облыс мәслихатының депутаты Ордабасы ауданындағы анамның атындағы жерді көпе көрнеу қиянат жасап, тартып алды. «Қайда барсаң, онда бар» деп отыр. Сегіз жылдан бері ауру анама қарап жұмыссызбын. Анамның атындағы жер жыртығымызға жамау болатын еді ғой. Анам да күйініп кетеді осындай бассыздыққа»- дейді ҰОС ардагерінің қызы Азиза.

Бар жоғы 18 жасында қан майданға аттанған Күлзейнеп Ағманованы ҰОС ардагері ретінде елеп-ескеріп, жергілікті әкімдік тым болмаса мерекеде құрмет көрсетпейді де екен. Жастық жалынын сұм соғыс шарпыған кейуананың көңілі қам, денсаулығы жоқ.

«Дастарханда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ майдандастарымен кездесіп, арқа жарқа болып, көңілі сергіп қалар еді ғой. Неге Шымкент қаласы Абай аудандық әкімдігі ҰОС ардагері анамды ұмытып кететінін түсінбедім» – деп ашынады қызы.

Ұрпағының бейбіт өмірі үшін қан кешкен қамкөңіл ардагердің аузындағы несібесін жырып кеткен жер дауына облыс әкімдігі араласамыз деп сендірді.