Úı Jańalyqtar Ордабасы ауданы: Беделі биік еңбек адамы

Ордабасы ауданы: Беделі биік еңбек адамы

фото ОАӘБҚ

Қазіргі қоғамда еңбек саласы қоғамның экономикалық дамуындағы негізгі қозғаушы күштердің бірі ретінде ерекше мәнге ие. Елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен өркендеуі үшін еңбек адамдарының рөлі зор. Сондықтан да еңбек саласындағы саясатты тиімді дамыту және еңбек адамының беделін арттыру – маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Қазақстанда еңбек нарығының тұрақты дамуы үшін еңбек қатынастарын реттейтін заңнамалық база жаңартылып, еңбек шарттарын жақсарту, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері басты назарда болуы тиіс. Сонымен қатар, еңбек нарығындағы кәсіби біліктілікті арттыру, жұмыс орындарын көбейту және еңбек шарттарының ашықтығын қамтамасыз ету – саясаттың басты бағыттары болуы керек. Әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру де еңбек нарығының тұрақтылығын арттыруға, еңбек адамының өмір сүру деңгейін көтеруге және еңбекке деген ынтасын арттыруға септігін тигізеді.

Қоғамда «Еңбек адамы» бейнесін қалыптастыру – қоғамды еңбекке ынталандырып, еңбек адамдарының абыройын арттыру үшін маңызды. Бұл бейне – еңбексүйгіштік пен кәсібиліктің, жауапкершіліктің, адалдық пен еңбекқорлықтың символы болуы тиіс. Еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру үшін оны әлеуметтік мәртебесі жоғары, құрметті әрі сыйлы тұлға ретінде көрсету маңызды. Бұл еңбек адамына деген қоғамның құрметін арттырып, жастарды еңбекке ынталандырады.

Еңбек саласындағы саясатты жүйелі түрде дамыту – еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік прогресінің кепілі. Сонымен қатар, «Еңбек адамы» бейнесін қоғамда кеңінен танымал ету арқылы еңбекке деген құрмет пен мақтаныш сезімін қалыптастыру қажет. Бұл қоғамның бірлігін нығайтып, еңбекке деген құрметті арттырып, еліміздің өркендеуіне тың серпін береді. Сондықтан да мемлекет пен қоғам бірлесе еңбек адамының қоғамдағы рөлін жаңа деңгейге көтеруге күш салуы тиіс.

Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында еселі еңбек етіп, ел үшін тер төгіп жүрген еңбекқор жандар жетерлік.  Әр салада ауқымды жұмыстар атқарып жүрген олардың еңбегі қандай мақтауыңызға да лайықты. Сондай жандардың бірі — Ордабасы аудандық орталық ауруханасының тәжірибелі педиатры, 32 жылдық кәсіби тәжірибесі бар дәрігер — Гүлвира Юсупова. Ол 1969 жылы Төлеби ауданында дүниеге келген. Жастайынан дәрігер болуды, адам жанына арашашы болуды мақсат тұтқан. Мектеп бітірген соң алғашқы еңбек жолын Қазығұрт аудандық ауруханасында қарапайым қызметкер болып бастаған. Уақыт өте тәжірибесі мен кәсіби шеберлігін арттырған Гүлвира Юсупова медицина саласында өзіндік орны бар маманға айналды. Ол өзінің еңбекқорлығы мен кәсібилігі арқылы балалар мен олардың ата-аналарының сеніміне ие болды. Педиатрия саласында ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен білімі оны әрдайым жаңа әрі тиімді әдістермен жұмыс істеуге ұмтылуға жәрдемдесті. Оның кәсіби шеберлігі мен сүйіспеншілігі әрбір науқасқа ерекше көңіл бөлуге жетелейді.

Гүлвира Юсупова сонымен қатар жас мамандарға тәлім беруде де белсенді. Ол өзінің кәсіби білімін мен тәжірибесін жас мамандарға үйретуден жалықпайды, олардың кәсіби шеберлігін арттыруға үлкен үлес қосуда. Әрдайым адамгершілік пен мейірімділікті басты назарда ұстайтын ол, науқастарға ерекше қамқорлық көрсетеді.

1993 жылдан бері Ордабасы аудандық ауруханасында еңбек жолын жалғастырып, содан бері аудан тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп келеді. 1994–2001 және 2011–2015 жылдары перзентхана бөлімінде неонатолог, 1998–2001 жылдары балаларға кеңес беру бөлімінің меңгерушісі, 2009–2015 жылдары ауданның бас педиатры қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде Гүлвира Амангелдіқызы әр баланың өмірін, әр отбасының қуанышын сақтауға күш салып келеді. Ол үшін дәрігерлік — жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия, жүректің таңдауы. Науқастың көзіндегі сенім мен ата-ананың алғысы – оның ең үлкен марапаты.

Осының бәрі оның медицина саласына сіңірген еңбегінің айқын дәлелі. Гүлвира Юсупова сияқты дәрігерлердің еңбегі денсаулық сақтау саласының өркендеуіне зор үлес қосуда. Оның еңбегі – ұрпақ саулығы мен елдің болашағы үшін жасалған үлкен үлес. Біз оны мақтан тұтамыз әрі оның еңбегіне алғысымыз шексіз.