Шымкентте науқастардың емінен түскен ақшаға медициналық ғимарат салынды

760

Шымкентте науқастардың емінен түскен теңгеден медициналық ғимарат салынды. Нақтырақ айтқанда, қаладағы травматология «Амбулаторлық, хирургия, травматология және гинекология» орталығы ақылы қызметінен түскен қаражаттың есебінен жөндеу жұмыстарынан өтіп, жаңа ғимараттармен толықты.

Жаңартылған медициналық мекемеде жарақаттану, хирургия, оториноларингология, урология, проктология, бет-жақ хирургиясы, антирабиялық қызмет бөлімшесі бар.

Сондай – ақ, емдеу мекемесі клиникалық – диагностикалық және бактерологиялық зертханамен жарақталған. Мұнда тәулігіне 250 науқас қабылдауға мүмкіндік бар. 30 орынға есептелген күндізгі стационарлық бөлімшесі мен АХО — ға тиесілі тәуліктік шұғыл медициналық көмек көрсететін 2 жарақат бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар үй не жабайы жануар тістеген жағдайда науқастарға үздіксіз көмек көрсетілетін тәуліктік рабиология бөлімшесі қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, «Амбулаторлық, хирургия, травматология және гинекология» №1 Шымкент қалалық ауруханасының құрамына өтті. Яғни, медициналық мекеме қалалық ауруханаға қарасты бөлімше болып құрылды.

Күндізгі стационар бағытындағы жұмыстарды жақсарту мақсатында, аталған бөлімдегі науқастардың сапалы ем қабылдауы үшін ПИТ палатасы медициналық талаптарға сәйкестендіру мақсатында толық жабдықтармен қамтылған. Нақтырақ айтқанда, жаңа ғимаратта заманауи үлгідегі ИВЛ құралы, отадан кейінгі науқастарға арналған көп функционалды төсек орын, қатты және жұмсақ инвентарь орнатылған.

Бөлімше аумағында науқастардың ағымын дұрыс жүйеге келтіру мақсатында мекемедегі барлық кезек электрондық жүйеге көшірілді және дәрігер көмегіне жүгінуге келген азаматтар мен оларды күтушілерге арнайы ынғайластырып кезек күту залына қосымша ғимарат соғылды. Осыған дейін науқастар қысқа ыңғайсыз дәліздерде кезек кутуге мәжбүр болатын.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың қолдауымен алдағы уақытта 20 орындық жарақаттан кейінгі ерте оңалту жұмыстарын жүргізуге бағытталған бөлім ашу жоспарлануда.