Кісі өлтіріп, халықаралық іздеуде жүрген өзбекстандық азамат Шымкентте кәуап пісіріп жүрген. Өз отанында адам пышақтаған күдікті Шымқалада дәмханада жұмыс істеген. Өзбекстандықты қолға түсірген шымкенттің полицейлері сыйақы талап еткен көрінеді.
Шымкент қаласы Әл Фараби аудандық сотында қызметін асыра пайдаланды деген айыппен үш полиция қызметкеріне қатысты сот процесі басталды. Сотқа дейінгі тергеу барысында 30 жастағы өзбекстандықтың өз отандасын пышақтап қашып кеткені туралы Өзбекстан Республикасының Ішкі істер органдарынан Қазақстан тарапына іздеу жариялау туралы хабарлама келіп түскені анықталған.
ҚР ІІМ өзбекстандық азаматқа халықаралық іздеу жариялаған. Қазақстанның барлық ІІД мен полиция бөлімдеріне іздеу туралы ақпарат таратылған. Шынында да отанында кісі өлтірген өзбекстандық жалған құжатпен Шымқаладағы дәмханаға кәуап пісіруші болып жұмысқа тұрғандығы анықталған.
Шымкенттің полиция қызметкерлері оны тауып, құрықтаған. Алайда, ұсталған азаматты Өзбекстан Республикасына экстрадициялап жібереміз деп қорқытып өзбекстандықтан 1000 АҚШ долларын талап еткен көрінеді.
Дәл осы әрекеттері үшін айып тағылып, тәртіп сақшыларын прокуратура қызметкерлері құрықтаған. Полицейлер өз кінәсін мойындамаған. Оларға ҚР ҚПК — нің 366 бабы 4-ші бөлігімен, қызметін асыра пайдалану бабы бойынша айып тағылуда. Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, қызметтік лауазымға ие болу құқығынан өмір бойға айыру жазасы кесілуі ықтимал.