Б. Сағынтаев мемлекеттік органдарды Шымкенттен Түркістанға көшіру барысымен танысты

319
Фото Самат Мырзалиев

Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарды көшіру барысымен танысу үшін жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды.

19 маусымда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы ретінде қайта аталды, ал Түркістан — облыс орталығы болып бекітілді. Облыс басшылығы екі ай ішінде әкімшілік орталықты көшіру бойынша белсенді жұмыстар атқарып жатыр.

Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бүгінгі таңда мемлекеттік органдар орналасқан бірқатар нысанды аралады. Сондай-ақ, Түркістанға мемлекеттік органдарды көшіру және Шымкент қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңестер өткізу жоспарланған.

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарын Түркістан қаласынан бастады. Мұнда әкімшілік ғимараттардың құрылысы салыну уақытында (2020 ж. дейін) мемлекеттік органдар орналасатын коммуналдық меншік және коммерциялық нысан ғимараттарына барды.

Аралау барысында Премьер-Министрге орын ауыстыру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқаны баяндалды — 27 жергілікті атқарушы органның 22 басқармасы ауысты, сонымен қатар 14 аумақтық орган өкілдері бүгінде Түркістанда қызмет көрсетуде. Келесі жылы барлық ведомстволарды көшіру жұмыстарын аяқтау жоспарланған: облыс әкімдігі, 24 салалық басқарма, мәслихат аппараты, тексеру комиссиясы. Бұдан өзге, тоғыз бюджеттік ұйым көшіріледі. Бірінші кезеңде 842 адам ауысады, қалада олар орналасатын ғимараттар анықталған, қажетті коммуникациямен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйі жоқ мемлекеттік қызметкерлерге жатақханалардан орындар дайындалған.

Түркістан облысының Оңтүстік Қазақ облысы атауымен 10.03.1932 жылы негізі қаланды, кейін 1936 жылы атауы Оңтүстік Қазақстан облысы деп өзгертілді. 03.05.1962 жылдан бастап 06.06.1992 жыл аралығында Шымкент облысы деп аталды, 1992 жылы бұрынғы атауы беріліп, Оңтүстік Қазақстан облысы деп қайта аталды. 19.06.2018 жылы Президент Жарлығымен облыс Түркістан облысы деп аталып, әкімшілік орталығы Түркістан қаласына ауыстырылды; Шымкентке республикалық маңыздағы қала мәртебесі берілгеннен кейін облыстар құрамынан шығарылды. Облыс ауданы 116 280 км² (ел аумағының 4,3%). Солтүстік және оңтүстік учаскелері арасындағы алшақтық — 600 шақырым.

Облыстың өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі қаңтар–шілде айларында 250,7 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар — 118,5 млрд теңге, бұл 2017 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 5,1% артық.

Мектеп-интернат ғимаратында 10 аумақтық орган орналасқан, бұл — «Департаменттер үйі». Сонымен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ. Нүкенов өңірде білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шаралар кешені іске асырылып жатқанын жеткізді. Биыл республикалық бюджет есебінен 4,4 млрд теңге сомасына 16 білім беру нысанының құрылысын жүргізу, сондай-ақ, жатақханалар құрылысы мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен колледждерді жарақтандыру шаралары қарастырылған.

Бұдан өзге, сегіз жергілікті атқарушы органдар көшірілген бұрынғы «Әмина» клиникасының ғимараттары және бес мемлекеттік органға арналған «Версаль» ойын-сауық кешені тексерілді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е. Садыр өңірде барлығы 96 емдеу және 263 амбулаторлық-емханалық ұйымдары медициналық көмек көрсететінін айтты. Сондай-ақ, жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр: «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы бойынша үш нысан дайын, «350 дәрігер амбулаториясы, фельдшерлік-акушерлік пунктілер және емханалар» жобасы бойынша 4,8 млрд тг сомасына 57 нысан салынды.

Бақытжан Сағынтаев тарихи-мәдени этнографиялық орталықты тексеру барысында Түркістан облысы мәслихаты мен әкімінің аппаратын орналастыру жағдайымен танысты. Айта кету керек, бүгінде өңірде 688 мәдениет және өнер мекемесі бар: 390 кітапхана, 249 мәдениет үйі, 25 музей және т. б.

Облыстық музейде Қаланы дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасы жобасының таныстырылымы өтті. ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытудың үздік тұжырымдамасына ашық халықаралық байқау жарияланды. Байқауды ұйымдастыру мен өткізу мақсатында үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. 11 шілдеден бастап 11 тамызға дейін байқауға Түркияның, Оңтүстік Кореяның, Өзбекстанның қала құрылысшылары мен 35 отандық, 7 шетелдік сәулетшілер қатысты. Ұсынылған жобалар көрмесі Түркістанда 17–20 тамыз аралығында өтуде. Осы кезеңде комиссия мүшелері бас жоспардың ең үздік тұжырымдамасын анықтауы тиіс.

Еске сала кетейік, Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ел өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Бұған дейін Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына жұмыс сапарымен барды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі