Бесік әкелу дұрыс па?

2246

«Бесік – ұлттың ұясы». Осы бір үш ауыз сөз қазақ халқы үшін киелі де қадірлі мүліктің бар құдіретін аңғартып-ақ тұр. «Талбесіктен жербесікке дейін» деген адам ғұмырының бар жолын баян етер анықтаманың да бесік сөзіне құрылуы бекер емес. Ұлтымыз баланың жылы ұясына, тұрмыстың ажырамас бөлшегіне айналған бесікті тәлім-тәрбиенің қайнар көзіне балаған. Жаңғырық айдарының кезекті тақырыбы сан ғасырлар бойына қолданыстан шықпаған қасиетті мұрамыз бесікке арналады.

«Сәби өз жұртының бесігінде тербетілуі керек»


Ырыскүл Салибаева (суретте) – Шымкенттің тұрғыны. Бүгінде жетпісті еңсерген әже 18 жасында тұрмыс құрған. 8 перзентінен 30 немере, 12 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Көпті көрген, талай қазақ баласын ұлттық тәрбиемен өсірген ақ самайлы әжеден ұлтымыздың қадір-қасиеті – бесік турасында пікірін білуге асықтық. Бізді қызықтырғаны – Ырыскүл апаның барлық баласы бір бесікте жатып, ержетіп, бойжеткені болды.

«18 жасымда тұрмыс құрдым. Марқұм жолдасым екеуміз төрт ұл, төрт қыздың ата-анасы атандық. Аллаға шүкір, бақытты өмір сүрдік. Мен келін болып түсіп аяғым ауырлаған кезде қайын ағам мен абысыным бесік алып келді. Ол 1966 жылы болатын. Ол кездерде қыздың арқасынан өз жұрты бесік әкелу деген дәстүр жоқ еді. Бұл өзі 80 жылдары пайда болды ғой. Құдайдың қалауымен алғашқы перзентімді дүниеге алып келгеннен кейін баламызды қазақы дәстүрмен бесікке салдық. Содан кейінгі жеті баламыздың бәрі де осы бесікте тербетіліп өсті».


Қасиетті бесікке тек Рысгүл әженің сегіз баласы ғана жатпаған. Айтуынша, немерелерін де осы мұра бесікке (суретте) бөлеп өсіргенді жөн көріпті.
«Қазақ халқында бала өз жұртының бесігінде тербетіліп өскен. Яғни, өзінің әкесі жатқан бесікке бөленген. Менің балаларым жатқан бесікке кейін немерелерімді де бөледім. Үлкен ұлымнан үш қыз немерем бар. Олар да осы бесікке жатты. Одан кейінгі екінші ұлымның үш қыз, бір ұл немерем болды. Олар да бірінен кейін-бірі әкелері жатқан бесікте өсті. Кейін екінші ұлым інісіне табыстап берді. Осылайша бұл қасиетті бесікке немерелерім де жатты. Қаншама уақыт өтсе де ол бесік үйімізде әлі бар. Қастерлеп, құрметтеп ең биікке қойғанбыз. Өйткені әулетіміздің ұрпақтары осы бесіктен түлеп ұшты. Сондықтан да мен үшін өте құрметті де қастерлі зат»

Қасиетті қара шаңырақтың сәнін келтіріп тұрған бұл бесік бүгінде әрқайысының көзіне ыстық көрінетіні сөзсіз. Қаншама жыл тарихы болса да әлі еш жеріне сызат түспеген. Осыншама жыл шыдас беріп келе жатқан бесіктің қандай ағаштан жасалғаны да қызықтырды.

«Бесіктің де бірнеше түрі бар ғой. Тал бесік, қайың бесік, қарағай бесік деген сияқты тағы басқа. Біздің бесік тұт ағашынан жасалған. Осы бесікке қарап отырып, неткен тапқырлық, неткен үйлесімді жасалған дүние екеніне таң қаламын. Жылдар зымырап өтіп жатыр. Бірақ, бесік қаз-қалпынша. Әр кез көз салған сайын балаларымның сәби бейнелері көз алдыма елестейді. Өте жеңіл әрі тербетуге де ыңғайлы. Тербеткенде тепе-теңдік сақтайды. Баланың басы ерсілі-қарсылы шайқалмайды. Қазіргі бесіктер дүңкиген бір қолайсыз ғой. Ауыр да Қазақта«Бесік желдің өтінен, жердің сызынан қорғайды» деген сөз бар ғой. Тура айтылған сөз. Сонымен қатар, бесік әрі жылы әрі өте таза болады. «Баланы кішкентайынан тазалыққа үйретеді-ау» деп те ойлаймын. Қазақ бесігінің бала денсаулығына тигізер пайдасынан бөлек зияны жоқ екенін ерекше айтқым келеді». Ал, мына бесікке әлі де шөберелерімді де бөлеймін.

«Баланы өз шаңырағында бесікке салады»
Халқымыздың тұрмысынан әсте ажырамаған қаншама салт-дәстүрі бүгінде ұмытылып, ал ұмыт қалмай, бізге жеткені біраз өзгеріске ұшырады. Кезінде қазақ баласы өз жұртының соның ішінде өз әкесі жатқан бесікте тербетіліп өссе, бүгін бұл дәстүрдің өңі теріс айналған. Қазір басқа әулетке ұзатылған қызы босанғаннан кейін баланың бесігін қыз жақ, яғни нағашы жұрты дайындайды. Тіпті енді туған сәби үшін ас та төк ысырапқа жол береді. Баланың төрт мезгіл киімі мен түрлі ойыншғы, басқа да қажет заттарымен қоса бесігін де әкеледі. Енді бір кейіпкеріміз, қазақ салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын мейлінше қаз-қалпында орындауға тырысып келеді. Ол кісі, яғни Фатима әже бала туғанда нағашы жұртының жаңа бесік алып баруын дұрыс емесін айтады.

«Қазақта «шыққан қыз шиден ары» деген сөз бар. Қыз бала – жат жұрттық. Ол «бір әулеттің түтінін түтетіп, отын өшірмей, сол әулетті бақытты етемін» деп барады. Сондықтан да кеткен қызға «барған жеріңде балдай батып, судай сіңіп кет» деп айтады. Қыз – өзі келіп болып түскен әулеттің ұрпағын жалғастырушы. Демек баласы да сол әулеттің үлкендері жатқан бесікте жатып өсуі керек. Қазақта қызының артынан бесік әкелмеген. Бұл дәстүрдің қайдан шыққанын білмеймін осы. Бала деген өзінің әкесі немесе ағалары жатқан бесікте жатуы керек. Бұның да астарында үлкен мән жатыр. Осыны адамдар түсінсе екен»

Фатима әжені қазіргі бесікке салу тойының түрлі тойханаларда немесе кафе-мейрамханаларда өтуі алаңдатады. Бұл үрдістің де дұрыс емес екенін айтқан әже: «баланы өз шаңырағында бесікке салынуы керек»,-дейді.

«Қазір адамдар арасында бақталастық басым. Бірінен-бірі асып түсуді ғана ойлайды. Сөйтеді де енді ғана туған кішкентай сәбиді қырқынан шықпай жатып тойханалардың төрінде бесікке салады. Адам ығы-жығы. Келім-кетіп көп. Ол жердің қандай жер екенімен шаруасы жоқ. Баланы қырық күн толмайынша үйден шығармау керек. Қазақ халқы «сәбиді тіл-көзден сақтасын» деп ешкімге көрсетпеген. Ескере кетер бір жайт, бесікке салу рәсіміне тек әйелдер қауымы жиналады. Оған еркек адам қатысайды. «Шаңырағының шаттығы болсын» деп баланы өз шаңырағында бесікке салу керек. Ал қазір қалай? Бәрі басқаша. Еркегі де шалы да, бәрі жүреді тойханада. Осылайша киелі бесікті неше түрлі жиын өткен тойхананың төріне апарып қойып, нәрестені қаншама көздің алдында бесікке салады. Бұл – өте қате іс. Мүлдем дұрыс емес. Ал дәулеті асып-тасып бара жатса, үйінде-ақ үлкен шай берсін. Негізі бесікке салуға сол әулеттің ақ самайлы әжелері мен әйелдері қатысады. Тіпті ақшасы тасып, қалтасына сыймай бара жатса, жетім-жесірге көмектессін. Сол сауап. Басқа тойларды тойханада өткізуден жарысса да осы бесікке салу деген киелі дәстүрді солай даурықтырмай-ақ қойса болар еді»

«Бізде бесік жасайтын шебер жоқ»
Мақаланы әзірлеу барысында қазір қандай бесіктердің сұранысқа ие екенін білу үшін қаламыздағы базарларды араладық. Барған базарларымыздың біріндегі бесік тізіле қойылған қатарға жақындап, бағасын білгенімізде жай жабдығынсыз бесік бағасының 15000-45000 теңге аралығында екенін білдік. Өзін Жайна деп таныстырған сатушы әйел бесік саудасымен айналысқанына екі жылдай болыпты. Сұрастыра келіп білгенімізден бізді таң қалдырғаны – саудагерлердің бесікті Өзбекстаннан алып келетіні болды. Сатушыдан «Шымкентте бесік жасайтын шебер жоқ па?» деп нақтылап сұрағанымызда, «жоқ» деп жауап берді. Айтуынша, қаламыздағы барлық базардағы бесіктер Өзбекстаннан әкелінген.

«Шымкентте шебер жоқ. Барлық базардағы саудагерлер Өзбекстаннан алып келеміз. Ал жабдықтарын өзіміз тігеміз. Мысалы менің жабдық тігетін екі тігіншім бар. Өзіңіз көріп тұрғандай, бесікті толық жабу-жабдығымен де сатамыз. Тіпті жабдықты сатып алушының сұранысына және ұсынған ақшасына қарай келісіп, тігіп береміз. Бар жасау-жабдығы толық бесіктердің бағасы 25 мыңнан басталып 65 мыңға дейін жетеді. Сатып алушының қандай матаға тапсырыс беруіне қарай бағасы да өсе береді»

Жайнаның айтуынша, соңғы бір жарым жыл көлемінде сатып алушылар кәдімгі қазақи бесікті сатып алып жатыр екен. Бұған өзіміз де куә болдық. Келушілер баланы бөлейтін бесікті көп сұрап, таңдап жатты.

«Өзіңіз де көріп тұрғаныңыздай, келіп жатқан адамдар осы бала бөлейтін бесіктерді сұрап жатыр. Қазір баланы бөлейтін бесіктерге сұраныс көп. Бұдан 3-4 жыл алдын бұл бесіктерге сұраныс аз еді. Бөлемей жатқызатан кәдімгі ағаш төсектерді көп алатын»

Иә, біз барған бесік сататын орындарда көптеп қойылғаны осы қазақ бесігі. Саудагерлердің айтуынша, бесік сатып алушылар көп. Барлығында баға ұқсас. Қазақи нақышқа келтіріп, ою-өрнектермен безендірілген бесіктер сәйкесінше қымбат бағаланады.
Бірақ…
Біздің базарларда сатылып жатқан бесіктер өзімізде жасалмаған, бәрі дерлік Өзбекстаннан импортталады.

Маман мінбері 

Мәдина ЕРБОЗОВА, Шымкент қалалық №1 балалар ауруханасының қабылдау бөлімі меңгерушісі, дәрігер педиатр:
– «Кішкентай нәрестені бесікке бөлеп өсіру» деген өте жақсы. Бәріміз де бесікке бөленіп өстік. Бала бесікте өссе, таза, тыныш әрі жылы жатады. Ал тазалық нәресте денсаулығы үшін өте қажет. Қазіргі заманға сай дәрігерлер «баланы еркін өсіру керек» деп айтады. Бұл да бір жағынан дұрыс шығар. Бірақ, байқап жүргеніміздей, еркін жатқан баланың өз аяқ-қолынан шошынуы өте көп. Селкілдеп кетеді. Памперс кигізеді. Бұл да балаға жайсыз болатынын сөзсіз. Памперс ауа өткізбейді. Ал бесіктегі бала шүмекпен тап-таза жатады. Мұның пайдасы орасан. Анасы шүмекті дұрыс қолдана білсе, онда бала тыныш ұйықтайды. Жаңа туған нәрестенің денсаулығына сәйкес, дәрігердің «бесікке бөлемеңіз» деген қатаң талабы болмаса, екі жылға жуық бесікте өскен сәбидің денсаулығына, мінез-құлқына жақсы әсерін тигізеді. Ал сал ауруымен ауыратын, жүрегінде ақауы бар, неврологиялық статусы бар бала болса, онда мұндай балаларды бесікке бөлеуге мүлдем болмайды. Қазір көптеген жас ана ашуға бой алдырып, «бала тез ұйықтай қоймады» деп бесікті қатты-қатты бар күшімен тербетеді. Бесіктегі баланы олай шайқауға болмайды. Бұл өте қате. Бесікті кезіндегі әжелеріміз сияқты ақырын ғана әндетіп тербетеді. Қатты тербетсе, енді туған нәрестенің миы шайқалып кетуі әбден мүмкін. Бала туғаннан кейін барлық медициналық тексеруден өтіп, денсаулығына сәйкес әрекет ету қажет. Қазіргі медицинаның талабы бойынша, «баланы бесікке бөлемеу керек», «бесікке бөлеген баладан дисплазия пайда болады» дегенді айтады. Бірақ дені сау балаға «бесіктің ешқандай зияны жоқ» деп айта аламын. Дегенмен жоғарыда айтылған аурулары бар балаларды бесікке бөлемейді.

Бесіктің жасау-жабдықтары қандай?

Жас нәрестені бесікке бөлеу үшін төмендегідей жасау-жабдықтар қажет.

Ши. Бесік шабақтарының үстіне төселетін шиден тоқылған төсеніш. Түбек бекітілген тұсында ойығы болады.

Жөргек. Жұқа, талдырып басылған киіз төсеніш. Осыны кейде қаузау деп те атайды (қаузау киіз).

Құс төсек. Жөргектің үстіне төселетін арасына құс жүні салынып қабылған жұмсақ төсеніш. Оның да түбек түсетін тұсында ойығы болады.

Жастық. Бесіктің енімен сәйкес келетін, арасына құс жүні толтырылған кішкене жастық.

Көрпе. Жай матадан әзірленген көрпені жаздыгүні, арасына мақта салып, ал қабылған көрпені қыстыгүні қолданады.

Кепіл. Нәрестенің жамбас тұсына, тізесіне кепіл ретінде арнайы тігілген бірнеше кішкене жастықшалар қойылады. Ол жастықшалар түбек орналасқан ойықтың төңірегіне төселеді.

Тартпа бау. Тартпа бауларды кейде таңғыш деп те атай береді, олар құр тәрізді биязы жіптен тоқылады. Немесе екі-үш қабат матаны сырып, бауларды ызып әзірлейді. Тартпаның біреуі бөленген, құндақталған нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісі тізенің үстінен түседі. Тартпа баудың ұштары бесіктің екі жағындағы сабау ағаштарға таңылады.

Түбек. Түбек қыштан, көннен, күйдірілген саз балшықтан немесе мыс, жез қаңылтырдан әзірленеді. Қыстыгүні сыртына киіз, қайыс немесе былғарыдан тігілген қап кигізіп қояды. Түбектің түбіне сәл күл сеуіп қолданады.

Шүмек. Шүмекті ағаштан да сүйектен де әзірлеуге болады. Ұл баланың шүмегін асықты жіліктің асық тұрған басынан ойық ойып әзірлейді. Екінші қарама-қарсы басын шорт кесіп тастап, қырларын егеп жұмырлап қояды. Қыз баланың шүмегін ескі, көп ұсталып майсіңді болған уықтың қарынан (иінінен) жасайды, ойығын ұлдікіне қарағанда сәл сопақтау етіп ойған жөн. Шүмек баланың денесіне батпау үшін қырларын тегістеп жылтыратып, зәрді сорып алмауы үшін майға қайнатып алған соң пайдалана беруге болады.

Жабу. Бесіктің көлеміне сай, жұқа матадан тігілген, кестеленген арнаулы жабуы болады. Ол бесікке бөленген жас нәрестені маса-шыбыннан, желден, шаң-тозаңнан, күн көзінен, суықтан қорғайды.

«Бесіктің жасау-жабдықтары қандай?» тақырыбындағы

мәлімет
«Ұста Дәркембай атындағы
қолөнер мұражайының»
қолөнер ісі бойынша ғылыми қызметкері
А.Аманғалиқызының «Бесік» мақаласынан алынды
ulykbek.wordpress.com

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат» газеті

№31, 1 ТАМЫЗ 2018 ж.