«Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мектепке қажетті жарақтарын түгендеп беруде. Қайырымдылық акцияны ұйымдастыруға Шымкенттегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен республикалық «Уақып» қоры ұйытқы болған.
«Мектепке жол» акциясы аясында көмек қолын созған имамдардан сыйлық алуға келгендердің қарасы қалың. Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны Баянсұлу Қазыбекованың жаңа оқу жылына балаларын дайындауға қаражаты жеткіліксіз. Себебі, жалғызбасты ана 7 бала тәрбиелеп отыр. Оның 5-уі мектеп қабырғасында. Өзі үй шаруасында отырған соң балаларын мектепке әзірлеу үшін имамдардан көмек сұраған. Өз кезегінде мешіт қызметкерлері мұқтаж ананың өтінішін ескерусіз қалдырмапты.
Баянсұлу Қазыбекова, ата-ана: “Аллаға мыңда бір шүкір, 7 балам бар. Сол мешіттен балаларыма білім күніне қарсы көмек алып жатқан жайымыз бар. Барлығына бір-бір сумкадан берді, ішінде барлығы бар. Алланың үйінде бала-шағама көмек көрсеткендерге алғыс айтамын, осында оқылған дұға-тілектер қабыл бола берсін!”
Орталық мешітте бір күннің ішінде тұрмысы төмен, көпбалалы, мүгедек, жетім немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған 350-ге жуық оқушыға қажетті сөмке мен оқу құралдары үлестірілді. Сауабы мол игілікті іске облыстық мешіт қызметкерлері мен республикалық «Уақып» қоры демеушілік жасаған. Шараның мақсаты — балғындарды мектепке дайындауға аз да болса үлес қосып, оларға риясыз мейірім мен қуаныш сыйлау.
Мұхамеджан Естеміров, ҚМДБ-ның Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша өкіл имам орынбасары: “Осы біздің іс-шарамызға атсалысып жатқан барша азаматтарға Алланың нұры жаусын дейміз. Жалпы сомасын айтқанда әр балаға 10 000 теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Қазір балаларға сөмке алып беріп жатырмыз. Жалпы қаладағы 104 мешітте де осындай іс-шара ұйымдастырылуда. Шама-шарқына қарай, кейбір мешіттер 1 бала, 2 бала киіндіріп жатыр. Басқа мешіттер ұйымдастырып жатқан шарамызда киімдерін де алып беруде Мектеп формасы, бәтеңке, сөмкесекілді заттар берілуде».
Дәстүрлі түрде өтетін қайырымдылық акциясы 5 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 1 тамыз күні басталған шара жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғаспақ. Қала имамдары оған дейін жалпы есеппен 1500 оқушыны мектепке әзірлеуді жоспарлап отыр.
Айя Мүтәлі