Түркістан облыстық сотында «Білгір» тарихи-танымдық зияткерлік байқауы өткізілді

477

Түркістан облыстық сотында судьялар мен сот қызметкерлерінің арасында «Білгір» тарихи-танымдық зияткерлік байқауы өткізілді.

Іс-шараны облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Зиядинхан Пірнияз ашып, бұл байқаудың Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау, ұлттық мәдениетті және рухани құндылықтарымызды насихаттау, жас судьялар мен қызметкерлердің шығармашылық бастамасын қолдау мақсатында өткізіліп жатқандығын атап өтті.

Сонымен қатар, Зиядинхан Әбдібайұлы осындай байқаулардың елімізге, туған жеріміз бен тілімізге деген құрмет сезімін нығайтып қана қоймай, әрбір қатысушыға өз білімі мен ой-өрісін көрсетуге мүмкіндік беретініне назар аударды.

Осыдан кейін конкурсанттар сахнаға шақырылып, байқаудың ережелерімен және қазылар алқасымен таныстырылды.

Байқау «Туған өлкем – тарихым», «Билердің сөзі – ақылдың көзі» және «Рухани жаңғыру» атты үш кезеңде өтті. Олардың барысында қатысушылар слайдтар, роликтер және рефераттардың көмегімен өзінің туған жерінің тарихымен таныстырып, Асан қайғы, Қазтуған жырау, Майқы, Төле, Әйтеке, Қазыбек билер сияқты атақты ақын, жыраулардың, ұлы Абайдың нақыл сөздерін айтып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша сұрақтарға жауап берді.

Конкурсқа Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары Нәйлә Уразгалиева, облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттың төрағасы, судьялар Одағының облыстық филиалының төрағасы Қанатбек Қоңырбаев, Шымкент қалалық соты Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенби, жазушы, тарихшы, өлкетанушы Момбек Әбдәкімұлы және Түркістан облыстық Мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Меруерт Лесбекқызы Шымырбек қазылық етті.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы Бәйдібек аудандық сотының бас маманы Шарапов Мырзалыны үздік деп таныды. ІІ орынды Төле би аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Бақытжан Кәрібаев иеленді, ал ІІІ орын Түркістан қалалық сотының бас маманы Шойбеков Ақжолға бұйырды.

trk.sud.kz