Қалта ұрлығымен айналысқан 4 әйел сотталды

470

54 қалта ұрлығы бойынша айып тағылған 4 сотталушы әйелге қатысты бүгін сот үкімі оқылды. Қоғамдық көлікте, адам көп шоғырланған жерлерде топтанған төртеу тұрғындардың қалтасын қағып келген.

Құрықталған қылмыстық топтың кінәсі ішінара өз дәлелін тауып, 7 жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот үкіміне наразы болған жәбірленуші топ сот ғимаратында шу шығарып наразылығын білдірді.

Қапыда қалтасындағы қаражатынан қағылып қалғандар мен сотталушылардың туыстары сот отырысы басталмастан араздасып, сот залында шу шығарды. Бір жылдан бері сот тергеуіне сандалған жәбірленушілер әділдік күтетіндіктерін жеткізді.

Тағатсыздана күткен сот үкімі де оқылды. Зал тына тыңдады. 54 ұрлық фактісінің 31 -і сот тергеуі барысында дәлелденбеген. Сондықтан да 31 факті бойынша сотталушылар кінәсіз деп танылды.

«Сот үкімімен Анна Семеновская 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол ҚР ҚК – нің 262 бабының 1-ші тармағымен, 191 баптың 1-ші бөлігімен кінәсі дәлелденді. Сотталушылардың қалғандарына 5 жыл 2 ай мерзімде жаза тағайындалды» – деді Абай аудандық сотының судьясы Қанат Мылтықбаев.

Дегенмен үкім оқылып жатқан сәттен-ақ наразылықтарын білдіре бастаған жәбірленушілердің бірқатары жанайқайын жеткізем деп залды басына көтерді.

«Әділдік жоқ. Сонша елді жылатып, қаншама ақшаны ұрлағандарды 5 жылға қамау не деген сұмдық? Ақшамызды қайтарсын! Бұдан да қатаң жаза талап етеміз!»- десті олар.

37 жастағы үш баланың анасы Айнұр Тілепованың талап арызы сотта қанағаттандырылмады. Себеп ұрлық фактісі өз дәлелін таппаған. Асыраушысынан айырылған ауру баласының еміне деп ломбардтан алған ақшасын суық қолдылар жымқырып кеткен көрінеді. Енді дәлелдей алмағанына күйінеді.

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. 15 күн ішінде екі тарап та аппеляциялық алқаға шағым келтіру құқына ие. Сондай – ақ, судьяның айтуынша, ұрлық фактілері дәлелденген шағымданушылар ақшасын өндіріп алу үшін азаматтық тәртіпте сотқа жүгіне алады.

Жанар Есенбекова