Úı ANONS Жеңіл табыс — ауыр жаза

Жеңіл табыс — ауыр жаза

Алаяқтар бүгінде өз қылмыстық әрекеттерін «жеңіл табыс көзі» ретінде жасырып жүр. Азаматтарға «дроппер» болып жұмыс істеуді ұсынып, банк карталары арқылы ақша аударуды сұрайды. Бірақ мұндай «жұмыстардың» артында қылмыстық схемалар жасырылған. Мұндай әрекетке қатысқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Кейінгі кездері қазақстандықтарды «дроппер» ретінде жұмысқа тарту жиілеп кетті. Мұндай «қызметте» азаматтардан өз есепшоттары арқылы белгісіз тұлғаларға ақша аудару сұралады, ал оның ақысына көп қаражат береміз деп сендіреді.

«Жалақы күн сайын төленеді. Күніне – 10 мың теңге, ай соңында – тағы 300 мың. Күніне бар болғаны 2-3 сағаттық жұмыс».

Алайда жұмыс берушілер бұл әрекеттің соңы қылмыстық жауапкершілікке апаратынын айтпайды. Мұндай схема — интернет-алаяқтықтың кең тараған амалы: ұрланған ақша алдымен сіздің есепшотыңыз арқылы өтеді, кейін қолма-қол ақшаға айналады. Қылмыстың ауырлығына қарай айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылуы мүмкін.

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ
«2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне дропперлік үшін жауапкершілікті қарастыратын жаңа 232-1-бабы енгізілді. Банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, оның ішінде материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаларға банк картасын беру әрекеттері дропперлік болып саналады»

Сарапшылардың айтуынша, ең алдымен тым жылдам әрі жоғары табыс ұсынатын ұсыныстарға күмәнмен қарау керек. Сондай-ақ өз картаңыз арқылы жасалатын кез келген қаржылық операцияның салдарына өзіңіз жауап бересіз.

Сергей Уткин, заңгер: «Егер сізге осылай жұмыс ұсынып, “адам өлтіресіз, мың доллар береміз” десе, кез келген сау адам бұл қылмыс екенін түсінеді. Ал дәл солай карта арқылы “ақша аударып, табыс табасыз” десе, бұл да заңсыз әрекет. Айырмашылық тек тәсілінде»

Заңгерлердің айтуынша, кейде тіпті таныстарыңыздан аударылған ақша да сізді қиын жағдайға қалдыруы мүмкін.

Сергей Уткин, заңгер: «Менен кеңес алған адам болған. Ол  сұлулық салонында жұмыс істейді. Бір күні оған келуші “әпкем сіздің телефоныңызға ақша жібереді” деп, 20 мың орнына 200 мың теңге жібереді. Кейін “180 мыңды қайтарып, 20 мыңды өзіңізде қалдырыңыз” дейді. Ол күдіктенбей келіседі. Кейіннен бұл да алаяқтық схема екені анықталды»

Сарапшылар банк картасын бөтен адамдарға қолдануға рұқсат бермеуге кеңес береді. Банкомат жанында «қолма-қол ақша орнына аударым жасайық» деген ұсыныстардан бас тарту керек. Есіңізде болсын: сіздің есепшотыңызбен жасалған кез келген операция үшін жауапкершілік тек өзіңізге жүктеледі.

Әсел Мәлік