Әкесін аяусыз азаптаған ер адамға жаза күшейтілді. Түркістан облысында жұрттың жағасын ұстатқан қылмысқа қатысты сот үкімі қайта қаралды. Дәрменсіз қартты ұрып-соғып, қинаған азамат енді қандай жаза арқалады? Прокуратура неге жазамен келіспеді?
Дімкәс әкесін ұрып-соғып, қинап, азаптаған Алмас Садақпаевтың жазасы ауырлады. Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Жетісай аудандық сотының үкімін бұзып, жаза мерзімін 1 жылға ұзартты. Сөйтіп Қылмыстық кодекстің «Қинау» және «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бабымен кінәлі деп танылған ол 6 жылға түрмеге жабылды.
ЗАМАНБЕК ИСМАИЛ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
«Садақбаевтың тарапынан жасалынған қылмыс, қоғам үшін өте ауыр оқиғалардың бірі болғанын, жәбірленушінің дәрменсіз күйде адам екенін пайдаланып, оны қинау арқылы ұдайы ұрып-соғу жолымен тән зардабын және психикалық зардабын шегуге ұшыратып, барынша арсыздықпен ұштасқан аса қатыгездікпен, өзінің туған әкесінің денсаулығына қасақана орта жарақат салып, созылмалы уақыт арасында қинап келгені, жәбірленушінің қайтыс болғаннан кейін құқық қорғау органдарына хабарламай, жерлеу әрекетін жасағаны үшін жаза мөлшерін ұлғайтуға толық негіз барын тапты».
Апелляциялық шағымды прокуратура түсірген еді. Прокуратура тағайындалған жаза аз деп келіспеген. Сот алқасы үкімді өзгертетін кезде Садақбаевтың жасаған қылмысының сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ескерген. Прокуратураның шағымын ішінара қанағаттандырған. Сот қаулысы заңды күшіне енген.
Еске сала кетейік, өткен жылы жазда Шардара ауданы Қоссейіт ауылындағы өз үйінде Садақбаев 70 жастағы зейнеттегі мүгедек әкесін қан-жоса етіп ұрып-соғып, азаптап жатқан видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап, жұртты шошытқан. Бұл әлеуметтік желіде кеңінен талқыланған. Көп өтпей Садақбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған.
Тергеу дерегінше, қарт әкесінің дәретке өздігінен шыға алмайтынына ашуланып, оған күш қолданған. Қатігез әрекеттер көрші үйдің қыздары тарапынан жасырын түрде видеоға түсірілген.
Дилара Иса






