Шымкент қаласындағы қорымдардың басым бөлігіне қоршау қажет. Мазар маңындағы ағайынның сұрауы осы! Қалалық ТҮКШ бөлімі жыл сайын қыруар қаржы бөліп, қорымдарды күтіп ұстауды қолға алған. Бірақ, мәселе күн тәртібінен түспей келеді.
Аумағы 30 гектарға жуық жердегі бұл қорым (суретте) — шаһардағы көне мазарлардың бірі. Ташкент бағытындағы ескі мұсылман қорымы ресми түрде жабық деп есептеледі. Бірақ, шырақшылар бос жер тауып, адам жерлеуін әлі тоқтатпаған. Маңайындағы тұрғын үйлерге тым жақындап кеткендігін ескерткен тұрғындар қорымның қоршауын реттесе дейді.
Мамыржан Ибрагиов, шырақшы: «Қоршаулар құлағасын, мұнда мал жайылып жүреді. Адамдар гүл еккен, бірақ бәрін сындырып, жеп, быт-шытын шығарды. Малдар мазараттың үстін де басып жүреді. Қоршауларын жөндеу керек!»
«Бұдан бөлек, қорым ішіндегі жолдардың жайы да сын көтермейді», — дейді дүниеден өткен туыстарының басына жиі баратын жерлестеріміз. Жаз айларында су тапшы және тазалыққа да мән берген жөн екенін екшеді. Айта өтейік, биыл қаладағы 37 қорымды күтіп ұстау үшін қазынадан 50 млн. теңге қаражат қаралған. Алайда, екі мердігердің таласынан кейін, сотта жеңгені тазалық шараларына енді кіріскен.
«Көктемде бір тазаладық, одан кейін 2 мердігер арасында сот мәселесі туындап, сонымен шаруа тоқтап қалды. Содан кеше 17-қыркүйектен бастап, қайта тазалауға көштік. Әр мазараттан қазір 70-80 тоннадай қоқыстар шығып жатыр»,- дейді мердігер компанияның өкілі Сағат Молдабеков.
Шымкент қалалық ТҮКШ басқармасындағылардың мәлімдеуінше, қала аумағындағы 44 қорымның басым бөлігі — ресми жабық деп есептеледі. Ал пайдаланып жатқан қорымдардың жолын салып, қоршау қажеттілік пен сұранысқа қарай жасалатын болады, дейді.