Түркістан облысы әкімінің өкімімен облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы лауазымына Серік Ордабекұлы Тұрбеков тағайындалды. Басқарма ұжымына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нукенов Қайрат Теміршотұлы таныстырды.
С.Тұрбеков 1956 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы – ғалым агроном, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясының түлегі.
Еңбек жолын 1980 жылы «Қаракөл» ғылыми өндірістік бірлестігінің лаборанты болып бастаған. Кейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми – зерттеу мекемелерінде ғылыми қызметкер ретінде және бірқатар басшылық лауазымдарда еңбек еткен. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешені Мемлекеттік инспекциясы комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының бастығы, «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Ұлттық компаниясы» АҚ басқарушы директоры, басқарма төрағасының орынбасары және бірінші орынбасары, Мақтарал аудан әкімі лауазымдарын атқарған.
2015 жылғы мамыр айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы, 2016 жылғы наурыз айынан бастап облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарып келді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі