Министрліктің штаттық бірлігі, басқарушылық буыны қысқартылады, полицияға тән емес функциялар алынып тасталады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қатысқан министрліктің алқа мәжілісінде мәлім етілді. деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында Мемлекет басшысының 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауы талаптарының аясында ішкі істер органдарының міндеттері қаралды, сондай-ақ 2018 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындысы жасалды.
Жолдауды іске асыру үшін министрлік Президент Әкімшілігінің басшылығымен қазақстандық полицияны жаңғырту жөніндегі Жол картасын әзірлеуді бастады.
«Жол картасында ІІМ-нің штаттық санын оңтайландыру, басқарушылық буынды қысқарту, полицияны оған тән емес функциялардан арылту жоспарлануда. Полицияны бағалау өлшемдері түбегейлі өзгертіліп, қоғамның сенім деңгейі мен халықтың қауіпсіздігін арттыруға бағытталады», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Қ. Қасымов ішкі істер органдарының жұмысын сервистік үлгіге ауыстыруды көздейтін халықпен жұмыс істеудің заманауи форматтарын енгізілетіні, кадрді іріктеу жүйесінен бастап, орналастыруға және қызмет бабында жоғарылату бойынша полицияның жаңа стандарттары бекітілетіні, ведомстволық білім беру жүйесінің түбегейлі өзгертілетіні туралы хабарлады.
Қ.Қасымов өңірлерде қылмысқа қарсы күресті және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды. Бұл ретте қылмыстың басым бөлігін құрайтын ұрлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, Жедел басқару орталықтарының жұмысын жақсарту, құқықтық тәртіпті қорғауды және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кезекші бөлімдердің полицияның күш-құралдарын басқаруды жақсарту мәселелері талқыланды.