Úı ANONS Медициналық мәліметтер ІІМ базасымен біріктіріледі

Медициналық мәліметтер ІІМ базасымен біріктіріледі

Денсаулығы көлік басқаруға жарамайтын жүргізушілер енді рөлге отыра алмайды. Қазір елімізде жүргізуші куәлігін берудің жаңа жүйесі әзірленіп жатыр. Ол бойынша Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің цифрлық дерекқорлары өзара біріктірілмек.

 

Қолданыстағы заң бойынша адамды жүргізуші құқығынан айыру үшін сот шешімі қажет, ал бұл процесс айларға созылады. Жаңа түзетулер күшіне енсе, көлік тізгіндеуге тыйым салатын медициналық мәліметтер ІІМ жүйесіне автоматты түрде жолданып отырады.

 

САНЖАР ӘДІЛОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ішкі істер министрлігінің дерегінше, елімізде денсаулық жағдайына байланысты көлік басқаруға болмайтын 22 600 адам бар. Бүгінде соның 5 500-і ғана сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылған. Бұл мәселені құқықтық тұрғыда шешуге айлар, кейде тіпті жылдар кетеді».

 

Талқылау кезінде бұл өзгеріс жүргізушілердің құқығын шектеуі мүмкін деген де пікірлер айтылды. Алайда министрлік өкілдері бұл қадамның ең алдымен жол қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанын жеткізді. Қазірдің өзінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар 988 адам сот шешімімен көлік тізгіндеу құқығынан айырылып үлгерген.

 

Вице-министр Үржар ауданында болған қайғылы оқиғаны мысалға келтірді. Онда қояншық ауруымен ауыратын жүргізуші бір топ баланы қағып кетіп, үш өрен қаза тауып, тағы үшеуі ауыр жарақат алған еді.

 

БОТАКӨЗ АНУАР