Отандасын өлтірген Қытай азаматы сотталды. Қасақана кісі өлтіргені үшін 29 жастағы Қытай азаматы Се Чжижен 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Істі болған Қытай азаматы Түркістан облысы кәсіпорындарының бірінде жұмыс істеген. Қытай жұмысшыларынан құралған бригадаға басшылық еткен көрінеді. Се Чжижен ай сайын қарамағындағыларға айлықтарынан алдын ала төлем үлестіріп отырған.
Сол күні жұмысшылардың бірі сотталушыға ешқандай ақша алмағанын айтады. Асханада ерегісіп кеткен екеуінің жанжалы төбелеске ұласады. Жұмысшы бригадирін ұрып құлатқан. Ыза буған бригадир қолына асхана пышағын алып, жәбірленушінің аяғына және кеуде тұсына пышақпен бірнеше рет жарақаттайды. Сол соққылардың бірі жүрегіне қадалып, қытайлық жұмысшы тіл тартпай кетеді.
Бұл туралы Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев мәлімдеді. Сотталушы Қытай азаматы кінәсін толық мойындаған. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Жанар Есенбекова