Бүгін Қазақстандағы Өзбекстан туризмі жылының жабылуына орай алғашқы Қазақстан – Өзбекстан өңіраралық ынтымақтастық форумы шеңберінде Шымкент қаласында екі жақты бизнес-форум өткізіледі. Форум екі елдің туризм саласындағы жыл бойғы жемісті ынтымақтастығын қорытындылайды.
Шараға UNESCO кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат, Дүниежүзілік туристік ұйымның Жібек жолын дамыту жобасының жетекшісі (ЮНВТО) Алла Пересолова, Travel Hunter (РФ) компаниясы бас директорының орынбасары Маргарита Полоник, экотуризм ақпараттық-ресурстық орталығының мүшесі Дагмар Шрайбер, сонымен қатар Германия, Қырғызстан, Тәжікстан елдері дипломатиялық корпусының өкілдері мен Жібек жолы мемлекеттері бизнес қауымдастығының өкілдері қатысады.
Форумға қатысушылар панельдік сессияларда Жібек жолы мемлекеттерінің өзара серіктестігі, Орталық-Азия аймағының Ресей мен Еуропа елдері нарықтарында турөнімдерді насихаттау мәселелерін талқылап, саланы дамыту жөніндегі шаралар жайын пысықтайды.
Форумда Өзбекстанның Жібек жолы жобасы аясында туризмді дамыту тәжірибелері ортаға салынады. ОААЭЫ (ЦАРЭС) бағдарламасының өңірлік консультанты, Қазақстандағы Азия даму банкінің өкілі туризм саласында өңіраралық жобаларды дамытудың негізі ретінде Орталық Азиядағы экономикалық дәліз жобаcы жайлы баяндайды. Форумның қорытынды бөлімінде Жібек жолы бойынша Жаңа трансшекаралық тур таныстырылады (Қазақстан – Қырғызстан – Өзбекстан – Тәжікстан).
Форум аясында «Ұлы Жібек жолы бойымен» фотокөрмесі өткізіледі. Мұнда «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастырған фотобайқауға қатысқан кәсіби және әуесқой фотосуретшілердің жұмыстары қойылады.
Форум қонақтары жергілікті халықтың бай мәдениеті тұрмыстық ерекшелігі, салт-дәстүрлері мен киелі орындарын, көне сәулет ескерткіштерін, жанға жайлы демалыс орындары мен Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің табиғаты бейнеленген суреттерді тамашалайды.
Шараға Қазақстан мен Өзбекстанның кәсіби суретшілері қатысады. Өз жұмыстарын көпшілік назарына ұсынған олар «Қазіргі замандағы Жібек жолы» тақырыбында көркем сурет шеберлік сағатын ұйымдастырады.