Көрме өтті тамсандырған талайды…

640

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы алғашқы өңіраралық форумы аясында Шымкентте өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы тауарларының көрмесі өтуде. Көрмеде екі елдің 150-ге жуық тауар өндірушілері қатысып жатыр. Шымкенттегі «Көрме» орталығында екі елдегі алпауыт кәсіпорындар өз өнімдерін паш етті. Бұл кәсіпкерлерге де зор мүмкіндік туғызып отыр.

«Көрме» орталығының алдында өзбекстандық және қазақстандық өндірушілердің құрылыс, қоғамдық көлік, ауыл шаруашылығы техникалары қаз-қатар тізіліп тұр. Құрылысқа қажетті ауыр жүк техникаларын шығарып жатқан бауырлас ел қоғамдық көліктер шығаруда да асығы алшы. Өзбек-қытай біріккен кәсіпорны шығарып отырған мақта теретін машиналар бүгінде үлкен сұранысқа ие екен. Көршілерміздің жетекші кәсіпорындары «UZ AGROTEXMASH», «Шыршық», «i38» тракторлары, «TTZ-LS» мақта жинаушы тракторларына қызығушылық танытқандар көп болды.

Толкун Хайруллаев, «Узагротехниксонатхолдинг» директоры: «Ауылшаруашылығы техникаларының көптеген түрін шығарамы. «TTZ-LS» тракторы 100 аттың күші бар, жылыжай шаруашылығына, мақта шаруашылығына арналған. Сұраныс мол. Биылғы жылдың алты айының өзінде 5 мың трактор шығардық. Алдағы уақытта Қазақстанда да сұраныс артады деген ойдамыз».

Қазақстан тарапынан да мақтауға, мақтануға тұрарлық алып компаниялардың өнімдері көрме төрінен орын алды. Біздің тараптан электр қуатымен жүретін көлікті таныстырды. Ерекше көлікке қызығушылық танытып, сатып алуға ниеттенгендер баршылық. «РобАвиа» компаниясының өнімдеріне де өзбекстандықтар қызығушылық танытты.

Александр Ли, «РобАвиа» компаниясының менеджері: «Өніміміз құрылысқа, төтенше жағдайлар, өрт қызметіне және ауыл шаруашылығы салаларына өте қажет. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласынан сұраныс мол. Компаниямыз жалпы жылдық қуаты 60 ұшқыссыз құрылғы шығара алады. Өзбекстандықтар тарапынан сұрау салып, өтініш түсіріп жатқандар мол».

Көрмеге ауыл шаруашылығы тауарлары, жеңіл және тағам өндірісі тауарлары, энергия үнемдеу идеялары, жиһаздар мен ағаштан жасалған бұйымдар, құрылыс материалдары, тұрмыстық химия мен фармацевтикалық препараттар ұсынылды.
Ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсібі өркендеген Өзбек елі көрменің көркін ашатын керемет көріністерін паш етті. Жеміс-жидектен алып шеңбер жасап, тандыр нанның сан түрінен «тау» тұрғызды. Дәмі тіл үйірер анары мен хұрмасынан ою өрнек жасапты. Көрмеге келгендер тұтынушыны тамсандырар талай дүниені көріп тәнті болды.

Гүлжан Көшерова