Úı ANONS Көксайлық 4 отбасы жаңа үйге көшті

Көксайлық 4 отбасы жаңа үйге көшті

Қаладағы тозығы жеткен тұрғын үйлердің иелері жаңа пәтерге көшіріліп жатыр.  Қазір «Көксай» шағынауданын жаңғырту тұжырымдамасы аясында реновация бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. Аталған аудандағы тағы 4 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. 

 

Көксайлық тағы 4 отбасы жаңа баспанаға көшті. Бұған дейін олар іргетасы сөгіліп, тозығы жеткен үйлерде күн кешіп келген. Мәселен, бұл Виктор Поляковтың туған шаңырағы. Қанша жөндеу жүргізгенмен, ескі нысанның қауіпсіздігі сын көтермейді. Тұрғын үшін бұл жер қимас естеліктерге толы болғанымен, жаңа баспанаға дән ризамыз дейді.

 

ВИКТОР ПОЛЯКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мен сол жердің тумасы едім. Қоштасу өте қиын, өйткені ол жер — менің Отаным. Балабақшамыз да, жастық шағымыз да сол жерде өтті. Әрине, қимайсың. Бірақ жаңа шаңырақта, жаңаша өмір сүргің келеді».

 

Ал бұл Виктор Поляковтың жаңа баспанасы. Реновация бағдарламасының игілігін көрген тұрғын баспананың сапалы екенін айтады. Ең бастысы, бұрынғыдай көмір жағып, күл шығарудың қажеті жоқ. Барлық жағдай жасалған дейді 3 баланың әкесі.

 

ВИКТОР ПОЛЯКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мұнда бәрі көңілімнен шығады, бәрі жаңа әрі әдемі жасалған. Барлығы ақылмен ойластырылған екен. Ескі үйлерді жаңартып, жаңа қонысқа көшуге мүмкіндік берген бұл бағдарлама маған қатты ұнайды. Сондықтан біз де көшіп келдік. Көршілеріме, көшелес және ауылдас адамдардың бәріне жақсылық тілеймін. Ол жақта үйді көмірмен жылытатын едік, ал мұнда өте жайлы. Жаңаның аты — жаңа».

 

Көксай шағынауданындағы тұрғын үйлердің салынғанына ғасырға жуық уақыт өткен. Мұндағы 23 нысан техникалық жағдайына байланысты «апатты» деп танылып отыр.  Сондықтан реновация бағдарламасы қолға алынды дейді мамандар. Ал бір жыл ішінде жоспарланған жұмыстың 56 пайызы жүзеге асқан көрінеді. Жауаптылар сөзінше, баспаналар тұрғын үй көлеміне қарай бөлінеді.

 

ДАНИЯР АХМЕТЖАНОВ, «SHYMKENT» ӘКК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: «Бұл жердегі 2 бөлмелі үйлер 45 кв м болса, беріліп жатқан 62,63 кв м. Пәтерлер. Үстінен 20 кв метр артық алып отыр. Бірақ үстінен ақша төленбейді. 3 бөлмелі мысалы ескі райондағы 55 кв м болса, ескі эскиздармен салынған. 54-55 кв болады ғой. Ал біздің беріп жатқанымыз 75-80 кв метр. Үстіне ақша төленбейді».

 

Қазірге дейін аймақтан 122 отбасы көшіп үлгерді. Ал босаған үйлерді сүру және құжаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл аумақта алдағы уақытта заманауи зәулім ғимараттар бой көтермек.

Әсел Мәлік