Бүгін шымкенттік 90 азамат үшін ерекше күн. Себебі олар жыл санап күткен баспанасының кілтін алды. Қала әкімінің қатысуымен өткен шарада әлеуметтік осал топтағы жандарға жаңа пәтерлер табысталды. Қоныс тойын тойлап жатқан жандардың қуанышы келесі материалда.
НАЗЫМ ЖОРАБЕКОВА бұл күнді ұзақ күткен. Алты жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрған ана ақыры өз шаңырағына қол жеткізді. Бүгін ол Асар-2 шағынауданындан екі бөлмелі жаңа пәтердің кілтін қала әкімінің қолынан алып, зор қуанышқа кенелді.
НАЗЫМ ЖОРАБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Мен бүгін өте қуаныштымын. Біріншіден Алла, екіншіден Шымқаламыздың әкімі Ғабит мырзаға үлкен рақметімді айтамын. Күтіп отырған баспанамыз келді бүгін. Өте қуаныштымын. Қуанышымда шек жоқ . Рақмет барлықтарыңызға»
Көптен күткен бұл баспаналар әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға табысталып отыр. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, толық емес отбасылар, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар мен жетім балалар бар.
КӨПЖАН ТҮЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.: «Бұл пәтерлердің барлығы сатып алу құқығымен берілген. Пәтерлеріміз заманауи тұрғыдан барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Тұруға дайын. Инфрақұрылым бәрі дайын. Енді бұл пәтерлердің орналасқан жері Асар-2 шағынауданында орналасқан пәтерлер»
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте баспана кезегінде тұрғандардың саны 92 мыңға жуықтайды. Жауаптылар жыл соңына дейін 1500-ден астам отбасы жаңа пәтерге қол жеткізетінін мәлімдеді.
Лаура Бабас






