Өз пайдасын ойлаған кейбір құрылыс компаниялары үлестік қатысу туралы заңды айналып өтудің амалын іздеп әлек. Негізі, соңғы өзгерістерге сай, салынып жатқан үйден пәтер алудың жалғыз жолы бар. Ол — ресми келісімшарт жасасу және ақшаны тек банк арқылы аудару. Бірақ кейбір компаниялар бұл ережені елемей, әлі де астыртын жолдармен сауда жасап жүр. Сонымен олар қандай айла қолданады?
Үлескерлер туралы жаңа заң — құжаттары дұрыс емес құрылыс компанияларының жолын кесті. Бірақ олар мәселені заңмен шешудің орнына, халықты алдаудың жаңа айласын тапқан сыңайлы. Олар заңды айналып өту үшін, үй алғысы келетіндерге «облигацияға ақша сал» немесе «инвестициялық келісімшарт жасас» деп қолқа салады. Мұның бәрі — құрылысқа қалай болса да ақша жинаудың амалы
ВИКТОР МИКРЮКОВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫС САЛУШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Нарықта пәтерлерді заңды түрде рәсімдеуге рұқсаты жоқ болғандықтан, сатып алушыларға «оның орнына біздің облигацияларымызды иеленіңіз» деп ұсынатын құрылыс ұйымдары кездеседі. Олар мұндай қадамның үлескерлер үшін қосымша пайда әкелетінін, бұл құнды қағаздардың өтімділігі өте жоғары екенін және кейінірек қазіргі ақшаңызға жоспарлағаннан да кеңірек, яғни шаршы метрі көбірек пәтер алуға мүмкіндік беретінін айтып, адамдарды сендіруге тырысады»
Заңның күшіне енгеніне бес айға жуық уақыт өтсе де, кейбір құрылыс компаниялары әлі де көлеңкелі тәсілдермен жұмыс істеуде. Сарапшылар арзан баға мен «оңай олжаға» кенелесіз деген уәделерге алданбауды ескертеді. Оның орнына, құрылыс компаниясының қаншалықты заңды жұмыс істейтінін анықтауға көмектесетін қарапайым ережелерді қолдануды ұсынады
ЛЕВ ТЕТИН, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК НАРЫҒЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ: «Оңбай алданып қалмау үшін, алдымен компанияның үлескерлерден ақша жинауға рұқсаты бар-жоғын, яғни лицензиясын сұрау керек. Сонымен қатар, «келісімшарттың түрі қандай?» деген сұрақты міндетті түрде қойыңыз. Егер олар «бұл — үлестік қатысу шарты» деп жауап берсе, онда қорықпауға болады. Бұл — бірінші мәселе. Екіншісі — осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап мұндай келісімшарттар бойынша барлық төлемдер тек банк арқылы, қолма-қол ақшасыз жүргізілуі тиіс. Міне, осы екі негізгі талап орындалса, сатып алушы ретінде бәрі дұрыс екеніне сенімді бола аласыз»
Негізі, үй сату үшін құрылыс компаниясының құжаттары түгел болуы шарт. Әрине, заңмен жұмыс істеу оңай емес: ол үшін компания алдымен дайын жобасын көрсетіп, үйдің қаңқасын тұрғызуы керек. Сондай-ақ билікке есеп беріп, ақшаның қайда кетіп жатқанын ашық көрсетуі қажет. Бірақ осындай қатаң талаптар ғана халықтың ақшасын сақтап қалады. Сонда ғана құрылыс орта жолда тоқтамайды, ал адамдар үйсіз қалмайды
ВЯЧЕСЛАВ ЛАЗАРЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Үйлердің заңды-заңсыз екенін тексеретін homeportal.kz деген ресми сайт бар. Онда рұқсаты бар барлық нысандар тізіліп тұр. Үй аларда компаниядан құжаттардың бәрін түгел талап етіңіздер. Олардың ішінде халықтан ақша жинауға рұқсат беретін лицензиясы, жобасы, сараптама қорытындысы және құрылысты бастауға берілген хабарлама талоны болуы керек. Міне, осы қағаздардың бәрі міндетті түрде болуы тиіс».
Ал халықтан заңсыз ақша жинаған құрылыс компанияларына 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл — 8 жарым миллион теңгеден астам қаражат. Дегенмен, компания айыппұл төлеп құтылса да, алданған үлескерлер ақшасынан айырылып, үйсіз қалуы әбден мүмкін.
Ботакөз Әнуар






