Шымкентте өткен көрмеде бір көгершін 5 000 000 теңгеге бағаланды

726

Шымкентте өткен көрмеде ең қымбат көгершін 5 000 000 теңгеге бағаланды. Көрмеге келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден жеткізілген кептерлердің 500-ден астам, ал өзге құстардың 1000-нан астам түрін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Аталмыш шара «Гүлсар» кептершілер клубына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Шымкентте биыл көгершіндердің көрмесі 30-шы рет өтті. Бұл жолғы көрменің жөні бөлек. Ауқымы айтарлықтай ұлғайған көрмеге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және тіпті Германия мен АҚШ сынды елдерден де көгершіннің түр-түрі әкелінген.

Бақыт Батекеев, «Гүлсар» кептершілер клубының президенті: «Негізінен Орта Азиялық кептерлерді танытуға күш салып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз да сол, өңірімздегі кептерлерді бүкіл әлемге таныту. Жыл сайын көрмеге қатысатын адамдардың саны артып келе жатыр. Біз көрмеге қатысуға тек кәсіби кептершілерді ғана емес, тіпті жас балаларды да шақырамыз. Осылайша, кептер өсіруге әуестенетін адамдардың басын бір жерге тоғыстырып тұрамыз».

Көгершіндер көрмесіне қойылған құстардың түрлері де, бағалары да сан алуан. Ең арзанының бағасы 5 000 теңгеден басталса, қымбаты 5 000 000 теңгеге дейін барады. Құсты бағалауда басты назар тұқымы мен жасына беріледі.

Саят Хамзин, кептерші: «Бізде қазір миллионер кептершілер бар. Олар 1000-2000 АҚШ долларына да сатып ала береді. Одан да көп ақшаға ойланбай сатып алу түк емес. Тек құс көңілінен шықса болғаны. Шымкент халқы соңғы кездерде «Гүлбадам» атты кептерлерге қызығып жүр. Ол өте әдемі құс. Түсі құбылып тұрады. Ең қызығы — олардың көзі ашық көк түсті».

Кептершілердің мерекесі іспеттес болып өткен бұл көрмені тамашалаушылардың да саны артқан. Келушілер тек көрмені тамашалап қана қоймай, өздеріне ұнаған кептерлерді сатып алды.

Меруерт Ахан