Түркістан қаласында ірі медициналық орталықтар бой көтереді

938

Келер жылдан бастап қолға алынатын құрылыстардың қазір жобалық-сметалық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы жыл басынан бері атқарылған ауқымды шаралар мен алдағы жоспарларды тілшілерге тізіп берген тиісті сала басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді.

Өткен он айды қорытып есеп берген сала басшысы ә дегеннен өңірде өлім-жітімнің азайғанын айтып, қуантты. Жыл басынан бері туберкулезден, қан айналым жүйесінен, қатерлі ісіктен қайтыс болғандар кеміпті. Келер жылдан бастап Түркістан қаласынан медициналық нысандардың бой көтеретінін ескерсек, ақ халаттылардың мүмкіндігі тіпті арта түспек.

Алдағы жылы жаңа облыс орталығында 190 орындық көп салалы клиникалық аурухана мен онкологиялық орталық, туберкулезге қарсы диспансер мен қан орталығы салынады. Құрылыстардың барлығы да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынбақ.

Мұқан Егізбев, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Қазір онкологиялық орталық құрылысының жобалау-сметалық жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы аурухананың, диспансердің, қан орталығының сметасы жасалады. Жедел-жәрдем стансасы салынады. Түркістанда емхана да жетіспейді. Келер жылы жаңа заманауи талапқа сай емхана саламыз. 500 мыңдай халқы бар Түркістанға қазіргі емхана аздық етеді».

Өңірде тек медициналық ұйымдар ғана емес, маман да тапшы. Бүгінде Түркістан облысында 135 дәрігер жетіспейді екен. «Бұл мәселе әсіресе ауылдық елді мекендерде өзекті» дейді облыстың бас дәрігері.

Мұқан Егізбев, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Көбіне белгілі бір саланың мамандары жетіспейді. Реаниматологтар аз бізде. Себебі, олар 9 жыл оқуы тиіс. 7 жыл оқып келген маман мен оның жалақысында ешқандай айырмашылық жоқ. Сондықтан көбіне жастар бұл салаға келе бермейді. Қазір біз министрлікке бұл мамандарды 3 ай ішінде оқытып шығару үшін ұсыныс беріп жатырмыз».
Сала басшысы қазір медициналық ұйымдардың қағазсыз жұмыс істеуге тас түйін дайын деп сендірді. Цифрлық технологияны тиімді пайдаланып отырған ақ халаттылар алдағы уақытта науқастардан бір де бір құжат сұрамайды деп сендірді өңірдің бас дәрігері. Айтуынша, қазірдің өзінде 1 млн. 700 мың адамға электронды карта дайындалып жатыр екен.

Мақпал Рысбаева