Қазақстан Президентінің ресейлік тілшіге берген сұхбатының үзіндісі «Россия 1» арнасындағы «Вести недели» бағдарламасында көрсетілді. Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз бен күллі Азия елдерінің болашағын қалай көретінін және жақын көршіміз — Ресейдің басшысымен достық қатынасы жайлы айтып берді.
Журналист Андрей Кондрашов мемлекет басшысынан Қазақстанның, Азия елдерінің және бар әлемнің болашағын қалай елестететіні туралы сұрады.
«Болашақ туралы сөйлеу дұрыс емес. Өйткені біз пайғамбар емеспіз. Біздің болашағымыз тек күллі әлемді жаратқан Жаратушы иеге ғана аян», — деп жауап берді Назарбаев.
Осы орайда, Елбасы Қазақстанды орталық Азия елдерінен және көршілес Ресейден бөліп қарауға болмайтынын да сөз кетті. Айтуынша, шекаралас елдердің дамуы мен жағдайы бізге де әсер етеді.
Сонымен бірге, Қазақстан президентіне «Путинмен қарым-қатынасыңыз екі ел арасындағы байланысқа әсер ете ме және екеуіңіздің достықтарыңызды жеке деп атауға бола ма?», — деген сұрақ қойылды.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: «Бұл жерде ерекше жағдай деп айтуға болады. Владимир Владимирович Путин 2000-шы жылы саясатқа келген күннен бастап онымен байланыс орнаттым. Содан бері біз өте маңызды сұрақтар мен мәселелерді бірге шешіп келеміз. 7 мың 500 шақырым ортақ шекараны бекіттік. Ол оңайға соққан жоқ. Мысалы, Байқоңыр мәселесі де Владимир Владимировичтің сенімінің арқасында оң шешімін тауып, әлі күнге жалғасын тауып келеді. Сонымен бірге, осы уақытқа дейінгі интеграциялық сұрақтарға да бірлесе отырып жауап іздеп келеміз».
«Сөзсіз. Ресей орталық орынға жайғасқан. Адами ресурстар мен экономика бойынша да алда келеді. Сол себепті де жақсы қарым-қатынасымыз бізге көмектесуде. Мен бұған дейін айтқанмын, Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық байланыс өзгелерге үлгі болу керек. Егер әлемдегі барлық елдер дәл осылай араласса, қазіргі таңда абстан кешіріп отырған түрлі қиындықтарға тап болмас едік»,- дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Дереккөз: NUR.KZ