Төлеби ауданындағы №2 балалар үйінің түлектері — Ерболат Камал мен Анастасия Сопильняк шаңырақ көтерді.
Жас отбасы бүгінде Шымкенттегі жасөспірімдер үйінің тұрғындары. Сондықтан, олардың үйлену тойын да осы жасөспірімдер үйі мен облыстық отбасы, балалар және жастар істері басқармасы өткізіп берген.
«Жастардың көзінен қуаныш пен бақытты көрдім. Расында, екеуі де өте тәрбиелі, инабатты. Олардың үлкенді құрметтейтін қасиеттерін жақсы білемін. Қуанышына ортақтасып келіп отырғаным да мен үшін үлкен ғанибет! Арнайы сый-тартуымызды әкелдік. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама негізінде баспаналы болады, сол үшін жиһаз-жабдықты арнайы сыйға тартып отырмыз. Жастар бақытты болсын!», — деді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова.
Той қонақтарының да қатары қалың болды. Достары мен тәрбиешілері келіп, қол ұстасқан жастарға бақыт тілесті.
«Қуанып тұрмын! Бақыттымын дей аламын! Қалыңдығыммен өткен жылы, желтоқсан айында таныстым. Өмірдегі Алланың берген ең жақсы сыйы да осы Настям шығар. Өте ақылды, сабырлы мінезімен мені баурады. Енді, көпке үлгі-өнеге болар бақытты отбасы болсақ, перзенттеріміздің қызығына тоймай жүрсек деген арманымыз бар», — деп ағынан жарылды Ерболат Камал.
Қалыңдықтың той көйлегін де демеушілер алып берген. Анастасия жомарт жандарға деген алғысын білдіріп, тойдан алған әсерін жасырған жоқ.
«Тойымызға келген барша қонақтарға рахмет! Достарымыздың көбі қаржылай сыйлық әкеліпті. Бұл теңгені алдағы уақытта отбасымыздың игілігі үшін жұмсайтын боламыз. Күйеуім де еңбекқор. Қаламыздағы зауыттардың бірінде жұмыс жасап, әжептеурім жалақы алады. Алдағы уақытта перзентті болып жатсақ, бізді жан-жаққа жалтақтатпай өзі бағатынына сенемін. Айтпақшы, жұрттың бәрі біздің бір балалар үйінде өскенімізді ескеріп, не үшін тек 2017 жылы танысқанымызды сұрап, әлекке түсіп жатыр. Айтайын, Ерболат жоғарғы оқу орнына түсіп, осы Шымкенттегі жасөспірімдер үйіне жайғасқан кезде, мен Төлебидегі балалар үйіне түскенмін. Сол баспананы паналап, сосын арнаулы оқу орнына түскен соң, менде жасөсіпірімдер үйіне келдім. Міне, бәрі осылай басталып, соңында жанұя болып отырмыз. Шүкірлік».Айта өтейік, күйеу жігіт Ерболаттың жасы — 22-де. Шымкенттегі зауыттардың бірінде жұмыс жасайды. Ал 19 жастағы Анастасия Сопильняк — қаламыздағы политехникалық колледждің 3-курс студенті. Сондай-ақ, жас отбасы енді мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болғанынша, әзірге өздері жайғасқан жасөспірімдер үйінде тұратын болады.