Кезінде «Зың» сөздерімен есте қалған Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов біраздан бері көрінбей кеткен болатын. Күні кеше бұрынғы әкім Түркістан облысында 1000 МВт қуаттылықтағы бу-газ электр станциясын салу мәселесі бойынша жұмыс кездесуінде бой көрсетті.
Іс-шарадан фотосуреттер мен бейнелер @ccgt_turkistan әлеуметтік желідегі аккаунтында жарияланды. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес компаниясы «Turkestan CCGT» ЖШС-нің ресми парақшасы. Жарияланымдарға жазылған жазбада «Самұрық-Қазына Құрылыс» АҚ Басқарма төрағасының операциялар жөніндегі орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов және компания басшылығы құрылыс алаңына жұмыс сапарымен барып, стратегиялық жобаның барысын қарап шыққаны айтылған. Дегенмен, компанияның ресми веб-сайтында қазіргі уақытта оның жаңа тағайындалуы туралы ешқандай ақпарат жоқ.
Айта кету керек, 2022 жылдан бастап «Самұрық-Қазына құрылыс» АҚ басқарма төрағасы қызметін Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, 60 жастағы Мәулен Айманбетов атқарып келеді. Қордың ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, басқарма төрағасының екі орынбасары бар: бірінші орынбасар Ғабит Малғаздаров және экономика және қаржы мәселелерін қадағалайтын Болат Мұқышев.







