Шымкентке «саяхатшы-көрме» келді

421

Әлемнің үздік фотожұмыстары шымкенттік тұрғындардың назарына ұсынылды. World Press Photo көрмесі қаламызда алғаш рет өтіп отыр. 1995 жылдан бері әлемнің әр қаласында «саяхаттап» көрме өткізетін жоба яғни, фотожурналистердің үздік кадрлары бұған дейін еліміздің 3 қаласында болған. Астана, Алматы мен Өскеменді аралап келген туындыларды енді мегаполис тұрғындары 2 апта бойы тамашалай алады.

Өртке оранған жігіт, ереуілге шыққан жұрт, жарылыстан жақындарын жоғалтып жылаған адамдар. Мұның барлығы да әлем фотожурналистері түсірген кадрлар. 45 елдің 100 қаласын аралайтын туындылардың барлығын 125 елдің тілшілері түсірген. Үздіктердің үздігі болып сараланған жобалар енді Шымкентке де жетіп отыр.

Нора Дессинг, Нидерланд елшісінің орынбасары: «Нидерланд елшілігі World Press Photo
көрмесін Қазақстанда осымен үшінші мәрте ұйымдастырып отыр. Биыл көрме 4 қалада өтуде. Қоғам өз пікірін еркін білдірмейінше, ақпаратпен еркін бөлісіп, сынға құлақ аспайынша, қоғам оңтайлы түрде дами алмайды. Фотосурет- біздің барлығымыз назар аударуымыз қажет әлеуметтік мәселелерді көрсетуге арналған тамаша құрал».

23 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқауға тек фотожурналистердің тың туындылары түседі. Жарысқа 4,5 мың фотосуретші қатысса, оның 42-сі ғана жүлдегерлер қатарына кіреді екен.

Ал, биыл ең үздік деп венесуэлалық Роналдо Шемидтің туындысы танылған. 2017 жылдың 3 мамырында нысанаға алынған оның кадрында газтұтатқыш киіп жүгіріп бара жатқан жігіт түсірілген. Бұл бейнеде 28 жастағы Хосе Виктор Саласар Балса үкіметке қарсы шеруге қатысқан.

Данара Саранова, қала тұрғыны: «Көрмеге өте қызықты туындылар қойылыпты. Шымкентте халықаралық деңгейдегі мұндай көрме бірінші рет өтіп жатыр. Жан-жақтан келген суретшілердің суреттері 8 номинация бойынша өткен».

Шымкентке келген көрмені жерлестеріміз 2 апта бойына тамашалай алады. Үздік туындылар «Мирас» университетінің фоэсіне қойылған.

Назерке Үкібасова