Мардымсыз жылумен ай өтті…

510

Мардымсыз жылумен ай өтті. Арнамызға арыз айта хабарласқан «Теріскей» шағынауданының № 36 үйдің тұрғындары осылай дейді. Жылуға жарымай отырған жұртшылық жауаптылар талапқа сай қызмет көрсетпейді деп шағымданады. Ал жылу берушілер бар кінәні қыстың қамына қамдабағандарға жауып отыр.

Михайл Гайдари жылудың мөлшерін күніне бірнеше рет тексеріп отырады. Үй төрағасының айтуынша жылу талапқа сай емес. Жылу берушілер температураны көтеру үшін тұрғындардың шағымдануын күтіп отырады дейді.

Михайл Гайдари, тұрғын: «Әкімшіліктегілерге де жылу берушілерге де хабарласып, жылудың жайын айтқан болатынбыз. Еш нәтиже жоқ. Жылудың мөлшерін көбейтеді, қайтадан халықтың шуы басылған соң төмен түсіріп тастайды».

Валентина Медведева бір бөлмелі пәтерін жылыту үшін түрлі амал жасайды. Жылыту құрылғысын қосып, күнелтеді. Жазда жылу құбырларын ауыстырсақ та қайран жоқ дейді ол. Ас үйді газ жағып жылытады.

Валентина Медведева, тұрғын: «Жаз бойы жылу құбырларын ауыстырып, қам жасаймыз. Қайран жоқ. Жылыту құрылғысын қосып қойып үнемі отыра алмаймын ғой. Зейнетақым аз. Сондықтан немерем келген кезде қатты қиналамыз. Ай сайынғы төлемдерді уақытылы төлеп отырамыз, бізге неге соған сай қызмет көрсетілмейді?».

Жылу берушілер көпқабатты үйге беріліп жатқан жылудың мөлшері белгіленген талаптарға сай деп отыр. Пәтерлердегі жылудың мардымсыздығына қыстың қамын жазда ойламайтын тұрғындарды кінәлайды. Әбден ескірген құбырлар жылу өткізгіш қабылетінен айрылған дейді жауаптылар.

Өмірбек Байбөбек, «Қуатжылуорталығы – 3 » МКК бас инженері: «Біз ауа райына қарай жылу мөлшерін талапқа сай жеткізіп беріп отырмыз. Жаз бойы жүріп, қыстың қамын ойламайтын тұрғындар жылу жүйелерін жаңаламайды. Құбырлар әбден ескірген. Жылуды жібермейді».

Осылайша бірдің кесірі мыңға тиюде. Жылудың жайына бей-жай қарап жүйелерді жаңартуға келгенде енжарлық танытқан тұрғындар өздері де, өзгені де жылуға жарытпай отыр.

Мақпал Рысбаева