Úı ANONS 50 мыңнан аса бала 1-сыныпқа барады

50 мыңнан аса бала 1-сыныпқа барады

570 мыңға жуық оқушы жаңа оқу жылын бастайды. Түркістан облысында білім саласы жаңа оқу маусымына қаншалықты дайын? Жаңа мектептер, жаңартылған инфрақұрылым, оқулықпен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары қалай жүзеге асуда? Облыс әкімі жаңа оқу жылы қарсаңында жауапты тұлғаларға қандай нақты міндеттер жүктеді?

 

Түркістан облысында 1106 мектеп жұмыс істейді. Онда 67 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Оның 940-ы – мемлекеттік, 166-сы – жекеменшік білім беру ұйымдары. Жаңа оқу жылында өңір мектептерінде 569 мыңға жуық оқушы білім алады деп күтілуде. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов мәлімдеді. Сондай-ақ биыл бірінші сыныпқа баратын балалар саны 50 мыңнан асып, рекордтық көрсеткішке жеткен.

 

Ал, аймақта 1441 балабақша бар. Оның 300-ден астамы мемлекеттік, қалғаны жекеменшік. Жалпы, балабақшаларда 153 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Онда 13 мыңнан аса педагог қызмет етеді.

 

Сонымен қатар, мектепке дейінгі 600-ге жуық ұйымға жүргізілген мониторинг барысында бірқатар заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, кейбір мекемелердің нақты мекенжайы мен құжаттағы мәліметтері сәйкес келмеген. Сондай-ақ балабақшаға бармаған мыңға жуық балаға мемлекеттен қаржы төленгені белгілі болды. Нәтижесінде ай сайын шамамен 64 миллион теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Дилара Иса