Түркістан облысында көлігінің мемлекеттік нөмірін қолдан жасырып жүрген жүргізушінің айласы әшкереленді. Түркістан облысында полицейлер мемлекеттік тіркеу нөмірін қасақана жасырып, жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушіні анықтап, заң аясында жауапкершілікке тартты.
Қызмет атқару барысында патрульдік полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар Шымкент – Самара автожолында жылдамдық пен уақытты өлшейтін бейнебақылау жүйесінен келіп түскен бағыттама негізінде Түркістан қаласына бағыт алған Toyota Camry автокөлігін тоқтатты.
Тексеру барысында жүргізушінің көлігіне мемлекеттік тіркеу нөміріне арнайы қолдан ашылып-жабылатын тетік орнатқаны анықталды. Ол аталған құрылғының көмегімен мемлекеттік нөмірді қажет кезінде жасырып, бейнебақылау камераларына тіркелмеу және жауапкершіліктен жалтаруды көздеген. Аталған құқық бұзушылық бойынша көлік айып тұрағына қойылып, жүргізушіге қатысты әкімшілік шара көрілді.







