Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты облыс әкімдігінің Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының ЖК «Т.»-ға қатысты құрылысты өз есебінен бұзу және құрылыс алаңын бастапқы күйіне келтіру міндеттемесі туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады.
Тексеру барысында Тараз қаласында ЖК «Т.»-ға тиесілі жер учаскесінде сауда кешенінің құрылысы қажетті рұқсатсыз жүргізілгені анықталды. Атап айтқанда, құрылыс-монтаждау жұмыстары жобалық құжаттама, сараптамалық қорытынды, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалаусыз және құрылыс алаңын қоршаусыз немесе қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданбай өз бетінше жүзеге асырылған.
Көшпелі сот отырысы барысында екі қабатты темірбетон бағаналары мен бетон жабындарын пайдалана отырып тұрғызылған құрылыс объектісі қаралды. Осы ғимараттың астында және оның екі жағында орналасқан қолданыстағы сауда павильондары ешқандай қорғаныс қоршауларынсыз немесе кедергілерсіз жұмыс істейтіні анықталды.
Сотта жобалау құжаттамасынсыз, техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалардың қатысуынсыз, сондай-ақ уәкілетті органдардың хабарламасынсыз құрылыс туралы дәлелдер расталды.
Сот жауапкерді өз есебінен және 1 ай ішінде базардың жер учаскесіндегі құрылысты бұзуға, сондай-ақ құрылыс алаңын бастапқы күйіне келтіруге міндеттеді.
Шешім заңды күшіне енді.







