Диплом бар, бірақ тәжірибе жоқ. Көптеген жас мамандар оқу бітірген соң дәл осы мәселеге тап болады. Алайда мемлекеттік қолдаудың арқасында Түркістан қаласының тұрғыны Индира Ахметова бұл кедергіні оңай еңсерді. Ол небәрі 20 жасында «Жастар практикасы» арқылы өзінің алғашқы кәсіби қадамын жасады.
Жастар практикасы – тек уақытша жұмыс емес, бұл – нағыз білікті мамандардың шыңдалатын мектебі. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын жұмысқа орналасқан Муниса Амитова қазір бірнеше жас маманға біліктілігімен бөлісіп, бағыт-бағдар беріп жүр .
Жаңа ортаға бейімделу кез келген жас маманға оңай соқпасы анық. Дегенмен, Индираның алғашқы еңбек жолында ешқандай қиындықтар туындамапты. Алғашқы күннен бастап оны жылы қабылдап, қолдау көрсеткен әріптестерінің ықыласы жас маманды одан әрі ынталандыра түскен көрінеді.
Бүгінде өңірдегі жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендетуде және оларды тұрақты еңбекпен қамтуда Түркістан қалалық Мансап орталығы жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Жобаның басты тиімділігі де – жастарға бағыт сілтеп, кәсіби тұрғыда шыңдалуына мүмкіндік беру.
Жоба аясында бағын сынап, болашағына үлкен үмітпен қарайтын тағы бір кейіпкеріміз – Севара Азатова. Ол да «Жастар практикасының» көмегімен мамандығы бойынша шыңдалып қана қоймай, осы жұмыс орнында біржола қалып, тұрақты қызмет етуді жоспарлап отыр.
Тәжірибелі мамандар да жаңадан келген жас буынның талпынысына дән риза. Олардың айтуынша, жастар кез келген салаға тез бейімделеді. Әрі технологияны лезде меңгеріп, жұмысқа деген ынталары жоғары.
Қиын сәтте қолдау көрсетіп, кәсіби құпияларымен бөлісетін жанашыр ортаның арқасында жастар бұл жерде өздерін жат сезінбейді. Дәл осы сенім мен жылы қарым-қатынас қыздардың тәжірибе мерзімі аяқталған соң да, еңбек жолын осы медициналық мекемеде жалғастыруына үлкен серпін беріп отыр.
Жыл сайын бұл бағдарламаға қызығушылық танытатын жастардың қатары артып келеді. Сұраныстың жоғары болуына байланысты Мансап орталығының мамандары түсіндіру жұмыстарын да тоқтатқан емес. Жауапты мамандар сөзінше, белсенді насихаттың арқасында талай жас өз жолын тауып үлгерген.
Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі – оның нақты нәтижесінде. Бүгінде алғашқы тәжірибе жинап, тұрақты жұмыс тапқысы келетін жас мамандар үшін бұл жоба үлкен мүмкіндіктер көпіріне айналды. Себебі, кәсіби мамандықтың қыр-сырын ерте меңгерген жастар – ел дамуының басты қозғаушы күші болмақ.
ӘСЕЛ МӘЛІК






