Шардара қаласында жаңа емхана мен жедел жәрдем стансасы салынуда

672

Шардара қаласындағы аурухананың жанында 150 орындық емхананың құрылысы былтыр мамырда басталған. Жобалық – сметалық құжат бойынша мұнда жедел жәрдем стансасы да қарастырылған. Құрылысшылардың қарқынын жауынды ауа-райы да баса алмады. Кестеден қалмас үшін, тығыз жұмыс тәртібіне көшкен.

Әнәпия Алпысов, мердігер компанияның өкілі: «Құрылысқа бөлінген қаржының 200 млн. теңгесін игердік. Құрылысқа осындағы жергілікті тұрғындарды тарттық. 50 – ден астам адам жұмыс істеп жатыр нысанда. Құрылыс материалдарымыз отандық өнімдер. Бетон арматураны Шымкенттен алдық. Емхана мен жедел жәрдем стансасының құрылысын 2020 жылы қараша айында аяқтауды жоспарлап отырмыз».

Нысан пайдалануға берілсе, шардаралықтарға медициналық көмек көрсету сапасы артады. Бір ауысымда 150 адамды қабылдауға мүмкіндік туады. Жедел жәрдем стансасы да науқастарға шұғыл қолдау көрсетеді. Бұл нысандардан бөлек Шардара қаласында көпқабатты үй пайдалануға берілмек.

Нұрғали Мырзахметов, Шардара аудандық құрылыс бөлімінің басшысы: «Қаладағы Астана көшесінде 4 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сметалық құны 413 млн. теңге. Былтыр мердігер 40 млн. теңгені игерген болатын. Нысан өтпелі. А.Иманов мектебінің құрылысы да былтыр басталып, биылғы жылға өтпелі. 300 орындық мектеп биыл пайдалануға беріледі».

Қаладағы Ы.Алтынсарин атындағы 60 орындық бастауыш мектептің құрылысы былтыр басталған болатын. Білім ордасының құрылысы биыл аяқталып, оқушылар су жаңа партаға отырады.

Шынар Оразова