Шымкентте жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны артып отыр. Биыл шаһарда 29 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды деген жоспар бар. Бала санының көп болуына байланысты, білім басқармасы мектеп аумағына бекітілген аумақтардан ғана бала қабылдансын деген талап қойған. Яғни әрбір оқушының тұрғылықты мекен жайы да жіті тексеріледі.
Қазіргі таңда бірінші сыныпқа қабылдау науқаны қызу жүріп жатыр. Бүгінге дейін 15 мыңнан астам бала мекетпке қабылданағн. Яғни жоспарланған көрсеткіштің шамамен 50 пайызы орындалды дейді жауаптылар. Сөздеріне сенсек, биылғы қабылдау науқанында жаңа тәртіп енгізілді. Оқу-ағарту министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес, бірінші сыныпқа қабылдау толықтай бірыңғай цифрлық оқу платформасы арқылы жүзеге асырылуда.
Ата-аналар өтінішті электронды үкімет порталы арқылы жолдайды. Кейін өтініштер мектеп пен цифрлық платформа арқылы қаралып, өңделеді. Бұл құжат қабылдау үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мамандар, мектептердегі орын тапшылығын болдырмау және оқушыларды теңдей орналастыру үшін қабылдау тәртібіне бірқатар ұйымдастырушылық өзгерістер енгізілгенін айтып отыр.
МӨЛДІР ҚИЛЫБАЕВА, ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Ата-аналар тарапынан өздеріңіз де білесіздер. 9 мектеп, 1 мектеп, 23 мектеп деген мектептерге сұраныс өте көп. Жүктеме үлкен болуына байланысты, ол мектептердің 1 сыныптарды қабыладуына байланысты азайтылды. Микро участок көлемі кішкене шегертілді. Алдыңғыға қарағанда».
Яғни, көпшілік ата-аналар балаларын өзі қалаған мектепке бергісі келеді. Алайда, бұл білім ошағына кері әсерін тигізуі мүмкін. Яғни, сыныптардың артуы үш ауысыммен оқуға мәжбүрлейді. Сол себепті, әрбір білім ұясына бекітілген аумақтар бойынша бала қабылданады.
МӨЛДІР ҚИЛЫБАЕВА, ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Өткен оқу жылында 28 мың бала бірніш сыныпты бітірсе, биыл 29 мың 50- ге жуық бала барады деп жоспарлап отырмыз ғой. Ағымдағы туылу санының өте жоғары болуына байланысты көп болып тұр. Мектепке баратын балалардың жүктемесі көп болып тұр. Сол себепті осындай қадамға барып отырмыз».
Жауапты басқарма өкілдерінің айтуынша, бірінші сыныпқа қабылдау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасады. Алдағы уақытта өтініштер кезең-кезеңімен қаралып, балалар тұрғылықты мекенжайына сәйкес білім беру ұйымдарына қабылданатын болады.
Нұргүл Жолымбетова







